Жамбыл облысында минералды тыңайтқыштар шығаратын ірі химия кешені іске қосылады

0 150

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында «ЕвроХим-Қаратау» ЖШС ірі химиялық кешенінің құрылыс жобасымен және «Тараз химиялық паркі» АЭА базасындағы жаңа инвестициялық жобалармен танысты. 

Бүгінде өңірдің өнеркәсіп саласында 838 кәсіпорын жұмыс істейді, ал жұмыспен қамтылғандар саны 43 мың адамды құрайды. Биылғы 7 айдың қорытындысына сәйкес облыста өндірілген өнім көлемі 510 млрд теңгеге (+7,8%) жетті. Бұл ретте облыста өңдеу өнеркәсібі жақсы дамыған, оның жалпы көлеміндегі үлесі 72%-ға дейін жетеді. Атап айтқанда, минералды тыңайтқыштар өндірісінде 3,2 есе, қант өндіруде – 8,9%, ірімшік пен сүзбеде – 5,9%, аяқ киім өндірісінде – 20,2% өсім байқалады. Өңдеу өнеркәсібіндегі химия өнеркәсібінің үлесі бүгінде 49%-дан асады.

Осылайша, «ЕвроХим» компаниясы ауқымды инвестициялық жобаның бірінші кезеңін жүзеге асырды: тау-кен кешенінің базасында жылына 660 мың тоннаға дейін фосфориттер өндіру жолға қойылды, қуаттылығы жылына 640 мың тонна орташа ұсақтау және ұсақ ұнтақтау қондырғысы салынды. Инвестиция көлемі $126 млн-ды құрады.

Екінші кезең шеңберінде минералды тыңайтқыштар шығаратын химия кешенінің құрылысы басталды. Өндірістік қуаттылығы жылына кемінде 1 млн тоннаны құрайды. Екінші кезеңді жүзеге асыру $1 млрд-тан астам тікелей шетелдік инвестиция тартуға және 1200 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Премьер-Министр Үкіметтің химия өнеркәсібіндегі жобаларды жүзеге асыруға үлкен көңіл бөліп отырғанын, сондықтан жаңа ірі зауыттың өңірдің ғана емес, жалпы республиканың дамуы үшін де маңызы зор екенін баса айтты.

«Бұл жобаны іске қосу ауыл шаруашылығы саласының қажетті минералды тыңайтқыштарға деген сұранысын тиісті деңгейде қамтамасыз етеді және қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Сондықтан ішкі және сыртқы нарықта сұранысқа ие өнімді тезірек шығару үшін зауытты уақтылы іске қосудың маңызы зор», — деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ ол қазіргі таңда мемлекет тыңайтқыштарды қолдану аясын кеңейту бойынша шаруаларға берілетін субсидия көлемін арттырып жатқанын жеткізді. Нәтижесінде бұл ауыл шаруашылығындағы өнімділікті айтарлықтай арттырады.

Мұнда Үкімет басшысына «ЕвроХим» және «Шу» автоматтандырылған газ тарату стансалары құрылысының барысы жайлы ақпарат берілді. Бұл Сарысу және Шу аудандарының 32 елді мекенін (61,7 мың адам), «ЕвроХим-Қаратау» ЖШС-ның жаңа химиялық кешенін және Мойынқұм ауданының 24 елді мекенін (28,7 мың адам) газбен қамтуға мүмкіндік береді.

Әрі қарай Әлихан Смайылов Шу ауданында орналасқан «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының қызметімен танысты. Сонымен қатар Премьер-Министрге «TAS Market» ЖШС-ның өнеркәсіптік кремний, графит электродтары, поликремний және күн батареялары өндірісі жолға қойылған кремний кластерін құру жөніндегі инвестициялық жобасы таныстырылды.

Сондай-ақ «Qazaq Soda» ЖШС жүзеге асырып жатқан еліміздегі кальцийлендірілген сода шығаратын алғашқы зауыт құрылысының жобасы таныстырылды. Кәсіпорын 2025 жылы пайдалануға беріледі, оның өндірістік қуаты жылына 500 мың тонна өнімді құрайды, алдағы уақытта 1,2 млн тоннаға дейін жеткізілмек. «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында нысанға электр желілері тартылды, сонымен қатар су құбырын тарту және теміржол инфрақұрылымын жабдықтау жоспарланып отыр.

«Біз бұл жобаларды қолдаймыз және жетіспейтін инфрақұрылымды тарту бойынша жұмыстарды жалғастыратын боламыз. Мұны бір жыл ішінде іске асыруға болады. Индустрия министрлігі мен ҚТЖ-ға тиісті тапсырма беремін», — деп түйіндеді сөзін Әлихан Смайылов.

Leave A Reply

Your email address will not be published.