Ұлттық спорт ұмытылып барады

0 162

Ұлттық намыстың қайрағына айналған спортты айтса, делебесі қозбайтын адам кемде-кем. Тарихқа терең бойласақ, ұлттық намыс дегенде, ең әуелі, ел қорғаған батыр бабаларымызды еске аламыз. Солардың асқақ рухы мен қайталанбас ерліктеріне бас иеміз әрі мақтанамыз. Сол асыл қасиет ғасырлардан ғасырларға ұласып, қазақ баласының бойынан әр кез табылған, әлі де табылып келеді. Әлемнің кіл мықты спорт шеберлері бақ сынайтын олимпиада ойындары мен жаһандық байрақты бәсекелерде қайсар азаматтары, оның ішінде Жамбылдың жампоздары жүлдесіз қайтқан емес. Қашанда жауынгерлік жігері бойында жанартаудай жанып, қайсарлығы қанында қайнап тұратын қазақ спортшылары арасында көкпар тартып, жамбы атып, бабалар жолын абыроймен жалғап жүрген жолбарыс жүректі, арыстан айбатты азаматтар да аз емес.

Десек те, атағынан ат үркетін темір тақымды көкпаршыларымыз бен көздеген нысанасы көкжиек болса да жебесі жетпей қоймайтын мергендерімізді нендей мәселе толғандырады, ұлттық спортты қаншалықты деңгейде ұлықтап жүрміз, өз деңгейінде ұлықтай алмасақ, оған не кедергі деген сауалдар әрбір спортсүйер қауымды, қала берді әрбір жанкүйер жамбылдықты алаңдатары анық. Олай деуімізге себеп көп. Бір ғана жамбы атудың жайы көңіл көншітпейді. Бес қаруы сай бабалардың ізін басқан өңір мергендерінің құрамасында қазір небәрі бес-ақ садақ бар екен.

Естімеген елде көп. Қазыналы қарашаңырақ – қазақ даласын қарағай садақ буып, найза жонып, жұмыр жердің бетінде тұңғыш рет тұлпарды ерттеп мініп, адамзат өркениетіне өшпес мөрдей із қалдырған бабаларымыздың ұрпағы бүгінгідей бейбіт күнде ұрпақ сабақтастығын ұлттық спортқа айналдырғанымен, құралайды көзге атқан мергендеріміз дәл осы қазақ хандығының алғаш алтын қазығы қағылған өлкеде садақ таппай сандалып қалғаны санаға салмақ салады. Бар-жоғы 200 жебе, бес садақ деген деген не?! Өңір намысын дуы басым додаларда ақ тер, көк тер болып асқақтатып жүрген көкпаршыларымыз да жарыстарда жарақат алған қазанаттарын алмастыратын жүйрікке зәру.

Соған қарамастан өңірдің өр намысты спортшылары жеңісті қолдан бермей келеді.

– Бүгінгі күнге облыста 40 мыңнан астам адам ұлттық спорт түрлерімен шұғылдануда. «Ұлттық спорт түрлерінен «Әулие-Ата» кәсіпқой клубында бастапқыда ұлттық ат спорты түрлерінен спортшылар дайындалатын болса, қазіргі таңда мекемеде ұлттық спорт түрлерінің 8 түрінен 14 жаттықтырушы қызмет атқарып, 300 спортшы дайындалады. Ағымдағы жылы клубтың барлық жас топтары арасында ұлттық спорт түрлерінен Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командасының құрамына 51 спортшы енді. «Әулие-Ата» кәсіпқой клубының спортшылары әр деңгейдегі республикалық және халықаралық жарыстарға қатысып, көптеген жоғары спорттық жетістіктерге қол жеткізді. Көкпардан «Әулие- Ата» командасы ел чемпионаттарының 12 дүркін, «Ақ бидай» ауыл спорты ойындарының 2 дүркін, Ұлттық спорт түрлерінен өткен республикалық фестивальдің 4 дүркін, ел Президентінің жүлдесі үшін өткен Халықтар ойынының, қоғам қайраткері А.Асқаров атындағы халықаралық турнирдің, көкпар федерациясының кубогы үшін өткен республикалық турнирдің жеңімпазы атанды. Бұл бағыттағы мәселелер де назарымызда. Атап айтқанда, ұлттық ат спорты түрлерінен спортшыларды жыл бойы үздіксіз, тиімді әрі нәтижелі дайындау, жоғары спорттық жетістіктерге қол жеткізу үшін «Ат спорты кешенінің» қажеттілігі туындап отыр. Әр жарыс арасында аттардың оңалып, жарақатынан айығып, қалпына келіп үлгермей, аттардың тапшылығы туындайды. Сол секілді Тараз қаласында «Тоғызқұмалақ орталығын ашу» қажеттілігі де туындап отыр, – дейді облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков.

Бұл мәселені «AMANAT» партиясы облыстық филиалы да көтеріп келеді. Ұланғайыр Ұлы Далада ұлттық спорттың шырағын сөндірмей, ұлағатты бабалар ізін өскелең ұрпаққа насихаттап жүрген намысты спортшылардың мәселесі Азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» аймақтық кеңесі отырысында да талқыланды.

– Тұңғыш рет 2014 жылдың мамыр айында Меркі ауданында садақшылардың он күндік оқу-жаттығу жиыны ұйымдастырылды. Қазіргі таңда, аталған спорт түрінен өңірдің негізгі құрамасы сол Меркі ауданында жаттығады. Әрі өңір құрамасының барлығы дерлік осы ауданнан. Рас, ұлттық құндылығымызды дәріптейтін «Жамбы ату» спортынан аймақтың жеткен жетістіктері жетерліктей. Бүгінгі күні 2 Әлем чемпионы мен бір Азия чемпионы шыққан. Бұл чемпиондар жеке меншік тұрғын үйдің 5 сотық жерінде жаттығып жатқанын көпшілігіміз біле бермейміз. Сайдың тасындай іріктелген, кілең «сен тұр, мен атайын» деген садақшыларымыздың кең далада көсіліп дайындалуына ешқандай жағдай қарастырылмаған. Осы ретте «Әулиеата» спорт клубына кіретін жамбы атушыларға Меркі ауданынан арнайы жер бөлініп берілсе. Өз кезегінде, жаттықтырушылар керек-жарақтарын демеушілер тарапынан сатып алуға ниетті. Сондықтан, клуб тарапынан болмаса да аталған ауданның әкімдігі ұлттық спорттың осы түріне қажетті жерді бөліп беруді назарға алса дұрыс болар еді. Тағы бір айта кетерлігі, жамбы атуға қажетті құрал-саймандар жыл сайын бөлініп берілмейді. «Әулиеата» спорт клубы тарапынан 2-3 жылда бір- ақ рет берілетін құрал-саймандар жылға жетпей бітіп қалады. Себебі, 200-300 оқ пен 5 садақ, өңір құрамасының 7-8 мергендеріне жұғын да болмайды. Жамбы атудан Жамбыл облысы құрамасының бас бапкері Елдос Бадашевтың ақпаратына сүйенсек, құрама сапындағы спортшыларға да жағдай жасалмаған. Оларға мемлекет тарапынан арнайы стипендия да қарастырылмаған. Бұдан бөлек, атпен қамтамасыз ету жұмыстары да ақсап тұр. Спортшылар жеке азаматтардың аттарымен дайындалып, жарысқа да сол аттармен шығады. Дәстүрлі садақ ату бойынша жүлдеден кенде болмаған өңіріміз осы спорттан шет қалып қалғанын атап өту керек. Себебі, осыған дейін көрші Түркістан облысында «дәстүрлі садақ атудан» еліміздің іріктеу ойындары өткен. Сайыстың бас жүлдесіне пәтер де тігілген. Бірақ, осындай дуы басым бәсекеге Әулиеатаның ғана құрамасы бара алмағаны ұят. Оны бапкерлер ешқандай қаржы қарастырылмағанымен байланыстырады. Облысымыздың аудандарында ұлттық спорт түрімен шұғылдануға жағдайдың қарастырылмағаны көңілге қаяу ұялатады. Бұл бағыттағы жұмыстарды әлі де күшейту керек деген ойдамын. Мысалы Меркі ауданы, Кеңес ауылындағы спорт залының жоқтығынан спортшылар мәдениет үйінің сахнасында жаттығуға мәжбүр. Он жылдан бері спорт залдың болмауы Меркі ауданына үлкен сын деп ойлаймын. Егер дәл осылай жылдар бойы жоғымызды жасыратын болсақ, жақын арада ұлттық спортты дамыта алмайтынымыз белгілі, – дейді партия облыстық филиалы саяси жұмыс бөлімінің меңгерушісі Берік Телеушов.

Ал, ұлттық спорттың жанашырлары көкпар ойынының өзіне еліміздің тек оңтүстік өңірлері ғана белсенді екенін айтуда. Әрбір айтулы бәсекелерде жылда тұрақты командалар мен ойыншылар қатысатынын, сондықтан ұлттық спортқа жаппай қызығушылықты арттырмаса, бәсекелестік болмайтынын алға тартуда. Сол секілді ұлттық спортты шағын және орта кәсіпкерлікпен қатар дамытпаса, қоғамдық сұраныстың жоғалатынын жеткізуде.

– Ұлттық спортты айтқанда, біз басты мәселеге мән бере бермейміз. Жалпы, спорт деген – бизнес. Неге біз бәрін Үкіметке, билікке итеріп қоя береміз? Мәселен, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин демалыс күндері тұрақты түрде садақ атуға барады. Садақ ату ел арасында да үлкен сұраныста. Тек соны дұрыс ұйымдастыра білу маңызды. Жергілікті билік неліктен «бізде идея бар, орын да бар» деп ұсыныс бермейді? Қашан бюджеттен қаржы қарастырылады деп отыра беру әбден ескірген система. Ең әуелі садақ ату секілді ұлттық спорт түрлеріне халық көп шоғырланатын жерлерден арнайы орындарды белгілеу керек. Тараз қаласындағы «Мамыр» саябағы бостан босқа тұр, соны аукцион арқылы бір кәсіпкерге беруге болады ғой. Ал, оны алған кәсіпкер мемлекеттен субсидиясын алып, болжаммен бес жыл бойы сол жерде аталған спорт түрін дамытсын. Кәсіпкерге сондай талап қойылсын. Сонда ғана ұлттық спорт жалпы ел ішінде дамиды. Ол үшін спортқа жауапты басқарма жергілікті әкімдікке арнайы жер қарастыру бойынша ұсыныс берсе де жеткілікті. Неліктен біздің тұрғындар садақ ату үшін Астана мен Алматы қалаларына баруы қажет? Мәселе іс жүзінде шешілмесе, жүздеген спорттық аула, кешен салсақ та ол дамымайды, чемпиондар шықпайды, – дейді қоғам белсендісі Исламбек Дастан.

Ұлттық спорттың мәселесі маздағанда, құсбегілікті де ұмытпауымыз қажет. Облыс бойынша «Ұлттық спорт түрлерінен «Әулие-Ата» кәсіпқой клубы мен Меркі ауданындағы №18 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде 4 бүркітші, 9 бүркіт, 6 қаршыға, 4 ителгі тіркелген екен. «Жаңа Қазақстанның» ұрпағы байрағымыздың басты символына айналған бүркітті тек кітаптан я болмаса ғаламтордан ғана көрмесін десек, бұл бағытты ілгерілетуге де жаңаша көзқарас қажет-ақ.

Күні кеше ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында «Қазақтың тағы бір ерекшелігі – көне дәуірден бері келе жатқан өмір салты. Өзге елдер бізді көшпенділердің ұрпағы ретінде біледі. Бұл да – халқымыздың басты брендінің бірі. Келесі жылы менің шақыруыммен Қазақстанда V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Бұл қадам ұлттық спортты дамыта түсуге зор мүмкіндік береді. Сондықтан, байрақты бәсекені жоғары деңгейде өткізуіміз керек», деп нақты тапсырма жүктеді. Ал, бізде мәселе толығымен шешілмей, мәреге жету, мақсатты бағындыру жөнінде сөз қозғауымыздың өзі қиын екені айтпасақ та түсінікті.

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Leave A Reply

Your email address will not be published.