Жамбылда вакцина салдыру қалай жүріп жатыр?
Жамбылда «Спутник V» вакцинасының ІІ дозасын 6 мыңға жуық адам қабылдап үлгерді. Бұл туралы «Өңірлік коммуникациялар қызметі » алаңында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев айтты.
Айта кету керек, облыс бойынша «Гам-Ковид-Вак» яғни «Спутник V» вакцинасының І компоненті 14 005 адамға егілген болатын. Оның ішінде 604 медицина маманы, 3256 педагог 426 күш құрылым қызметі, 58 студент, 81 мемлекеттік қызметкер бар десек, қалғандары 4142 адам. Ал, 21 күннен кейін 14005 адамның 5651-і вакцинаның екінші дозасын салдырып отыр.
«Вакцина алғандар тарапынан денсаулығына теріс әсер беріп, шағым келтіргендер тіркелген жоқ. Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР кодексінің 77 бабына сәйкес, барлық медициналық процедуралар, соның ішінде вакцинация ақпараттандырылған азаматтың келісімімен жасалынады. Вакцинациядан бас тартқан азаматтар әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Вакцинация елімізде тек ерікті түрде жүргізіледі», — деді Әсет Қалиев.
Бүгінде Жамбыл өңірі жасыл аймақта. Дегенмен, COVID-19 6 613 адамнан анықталды. Пневмонияның 2075 жағдайы тіркелген. Қазір облыстағы инфекциялық стационардағы 439 науқастың 32-сі жансақтау бөлімінде жатыр. Ал аймақта екпе жүргізу бойынша ақ халаттылар арнайы дайындықтан өткен. Мамандар саны 1022-ді құрайды. 36 екпе кабинеті, 1 жылжымалы екпе егу пункті мен 16 көшпелі екпе жүргізетін бригада бар.