Аудан әкімі Тоғызкент ауылында болды
Сарысу ауданының әкімі Сәкен Мамытов жұмыс сапарымен Тоғызкент ауылында болды.
Аудан басшысы жұмыс сапарында ауылдың тыныс-тіршілігін көріп, әлеуметтік нысандарды аралады. Тұрғындарымен кездесіп, ауылдықтардың көкейлерінде жүрген өзекті сауалдарын тыңдады.
Ауыл тұрғындары Тоғызкент ауылындағы балабақшада бала санының аздығына байланысты балабақша жабылып қалу қауіпінің туындап отырғанын мәселе етіп көтерді. Аудан басшысы бұл мәселе бойынша аудандық білім бөлімімен бірлесе отырып, жүйелі жұмыс жүргізуді, балабақшаға жағдайын ретке келтіруге тапсырма берді.
Сонымен қатар, тұрғындар спортпен шұғылданушы жастар мен жасөспірімдер қатарының көбеюіне байланысты ауылға талапқа сай спорт кешенін салу керектігі жөніндегі мәселені алға тартты. Спорт мектебінің директоры С. Ниязовпен әңгімелескен аудан әкімі бұл мәселе бойынша ауылдықтардың өтініші назарда болатындығын айтты. Көшелерді жарықтандыру, жол мәселелері де тұрғындар тарапынан мәселе ретінде айтылды.
Сапар барысында Сәкен Үмбетұлы округте бірқатар әлеуметтік нысандарды аралау барысында кездескен олқылықтарды ретке келтіру, ауыл ішіндегі тазалықты, әлеуметтік нысандардың жағдайын, инфрақұрылым желілерінің (су, жарық т.б) толық жұмыс істеп тұруын бақылауда ұстауды және тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерді шешу жолдарын қарастыруды ауылдық округ әкіміне және өзге де жауапты тұлғаларға тапсырды.
Сарысу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі