ЖАСТАРДЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕГІ КОММУНИКАТИВТІК ҚҰЗІРЕТТІЛІГІ

0 173

Тілдік қарым-қатынастың  ойдағыдай болуы – сөйлеушінің тілдік құзіретіне ғана емес, коммуникативтік құзіретіне де тәуелді. Коммуникативтік құзіретке мәдени-әлеуметтік нормаларды, сөз әдебиетіндегі ұлттық стереотиптерді білу, тілдік фактілерді коммуникативтік ситуацияға қарай орнымен жұмсай алу т.б. жатады.

Коммуникативтік құзыреттілік-сөйлеушінің тіл және сөз мәдениетін сақтай отырып, тыңдаушымен қатынас орната алу қабілеті. Демек, әдеби тілді дұрыс тұрғыдан өз диалогтарында қолдана білу дағдысы және біліктілігі-коммуникативтік құзыреттілік деңгейінің белгісі болып табылады. 14-30 жас аралығындағы тұлғалар, яғни жастар өз арасында емін-еркін диалог құра алады, олардың диалогтары көп жағдайда ресми емес, тұрмыстық болып саналады. Осы орайда тіл заңдылықтары бойынша қазіргі әлеуметтік желідегі коммуникация қандай болуы керек деген сауал туындайды?

Әлеуметтік желі-адамдарды бір-бірімен байланыстыратын жәй ғана «құрал» емес, дұрыс тілдік қарым-қатынас жасайтын орта. Қазіргі таңда атаулы желілерсіз өмірімізді елестету тіпті қиын. Алайда, оның да пайдасы мен зияны қатар жүретінін ескеруіміз қажет. Оның зияны мен қауіпі түрлі ғылым салаларын ойландырып, әрі алаңдатып отыр. Ғалымдарды алаңдатқан бұл қатерлерге әлеуметтік желіге тәуелділік, құнды уақытты жоғалту, денсаулыққа кері әсерінен бөлек – сөз  мәдениетінің күрт төмендеуі де жатқызылып отыр. Әлеуметтік желі пайдаланушылардың басым көпшілігі жастар. Біріншіден, жастардың сөздік қоры шектеулі, тілі жұтаң. Бұған тілге тиек ететін мысалдар мен факторлар көп. «Жастар ізденбейді, ағаларын оқымайды, олар қазақ әдебиетін оқымайды”-деген жазушы Әлжаппар Әбішевтің пікірі сөзіме дәлел. Расында көркем әдебиет шығармалары мен кітаптарды көбірек оқысақ сөздік қорымыз дамып, тіліміз шұбарланбас еді.

Екіншіден, «сленг», «жаргон» сөздердің қарым-қатынастағы қолданысы. Жастарымыз қазақ тілінің сөздік қорындағы сөздерді «аздық еткеннен бе», олар сөйлегенде тіпті жазғанда жаргон мен сленгті көп қолданады. Қазақша сөйлесе орысшаны, керісінше орысша сөйлесе қазақша сөздерді араластырып, тілдері бұрмаланады. «Бөтен сөзбен былғанса, сөз арасы, Ол ақынның білімсіз бишарасы”-деген Абай сөзі осы орайда еріксіз еске оралады.

Сауатсыздық – қоғамдағы ең өзекті, ерекше назар аударар түйткілді мәселе. Ғаламтордағы тiлбұзарлықтың алдын алып, әлеуметтік желілердегі сөз мәдениетін сақтау үшін елімізде ең алдымен:
1. Тiлдің қолданылуы, оның маңызы жөнінде әлеуметтік желілерде талқыланып, тiл тазалығы, сауатты жазуға үнде­ген жарнамалар, жастардың патриоттық се­зімдерін арттыратын ақпараттар мен суреттер жиі берілсе;

  1. Адамдар бір-біріне қарап түзеледі, сондықтан жастарға үлгі болатын қоғам бел­сен­ділері жарнамадан бөлек, сөз мәдениетіне қатысты игі істерді атқаруға атсалысса, сөз қателеріне қатысты түрлі танымдық мақалалар жарияланса;
  2. Ақпараттық мәдениет жайында қажетті мәліметтер, жұмыстар жүргізіліп, кеңінен ­насихатталуы керек;
  3. Кез келген әлеуметтік желіні пай­да­ланушы тұлға тiл мәселесіне бей-жай қарамай, сауатты жазуға талпынса, ықылас танытса виртуалды әлемдегі сөз мәдениеті түзелері анық.

Тілдесуде мәдени-әлеуметтік стереотиптерді білу, аялық білімнің жеткілікті деңгейде болуы, тыңдаушының аялық білімін ескеру т.б. жайттар тілдік қарым-қатынастың ойдағыдай өтуіне әсерін тигізеді. Сөз этикасының нормасын әлеуметтік желіде сақтау сөйлеушінің тыңдаушыға деген ілтипаты, ықыласымен қатар, сөзлеу мәдениетін танытатын, даилогтің ойдағыдай аяқталуына септігін тигізетін қажетті алғышарттардың бірі.

Қорытындылай келе, әлеуметтік желі-жастарды сөз және тіл мәдениетінен алыстатып, сауатсыз қылатынына көз жеткіздім. Әлеуметтік желінің жастар мәдениетіне қаупі, сауатсыздық секілді түйткілді мәселелер назарда болып, әркім өзінен бастап, басқаларға дәріптей отырып, қазақша таза сөйлеп, жазуды білуі керек. Сауаттылық деңгейін, сөйлеу мәдениетін арттыру-баршамызға ортақ міндет.

Кусёва Салтанат Жұмабекқызы

Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Антон Макаренко атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагогика ғылымдарының магистрі

Leave A Reply

Your email address will not be published.