Қоғамдағы өзекті мәселелер кеңес отырысында қаралды
Қазіргі уақытта инклюзивті білім алатын балалар мен 1-4 сынып оқушыларын оқытудағы өзекті мәселе – тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету. Сондай-ақ, онкологиялық ауруларды емдеу және алдын алу мәселелері де қашан қоғам назарында.
«AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы білім мен денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңесі отырысына аталған мәселелер шығарылып, тиісті басқарма басшыларының есептері тыңдалды.
Облыстағы 446 мектептің 410-да асхана жұмыс істесе, 6 мектепте буфеттік тамақтану ұйымдастырылған. Аймақтағы білім беру нысандарында ыстық тамақпен қамтылған жекелеген санаттағы балалар саны – 49 137 құрайды.
2020 жылы облыс бойынша 24 мектептің асханалары мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы аясында сенімгерлік басқаруға берілсе, тамақтың құны орташа есеппен 450 теңге. Сол уақыттан бері азық-түлік бағасы 20-25 пайыз қымбаттағанымен тамақтың бағасы өспегені күмән тудырады. Әрине, бізді баға емес сапа ойландыруы тиіс.
Өңірде 36 мектепте асхана жоқ. Оларға мердігер ұйымдар тамақты тасымалдайды. Бұл орайда, санитарлық жағдайды бақылап жатқан ешкім жоқ. Мәселе білім басқармасының назарында. Сондықтан басқарма мектептен бір бөлме дайындау туралы ұсыныстарын білдіруде.
Жалпы, сапалы білім алу үшін балалар сапалы тамақтану қажет. Сондықтан партия оқушыларды тамақтандырумен айналысатын серіктестіктердің жұмысын бақылауға алатын болады.
Біздің өңірде ғана емес, бүкіл әлемде, өкінішке қарай, онкологиялық ауруларға шалдыққан науқастардың саны көбеюде. Қазіргі заманғы медицина мен ғылым онкологиялық аурулардың басым бөлігін емдеуге мүмкіндік береді.
Аймақта осы дертке шалдыққандардың 8323 адамды құрайды. Олардың барлығы дерлік диспансерлік есепте. Иә, науқастарға қажетті ем-дом уақытында жасалып-ақ жатыр. Бірақ, қызмет сапасы қандай?!
Өкінішке орай, науқастар ем қабылдап жатқан ғимараттың жағдайы сын көтермейді. Бұрын перзентхана болған нысанда науқастар ем қабылдауға мәжбүр. Жасыратыны жоқ, ақ халаттылар мен науқастар 14 мөлтек аудандағы жаңа ғимаратқа көшуді асыға күтіп жүр.
Айта кетерлігі, жаңа нысан толығымен біткен. Тек, «МРТ» және сараптамалық бөліміндегі құрылғылар іске қосылмапты. Алдағы уақытта қосылатын болса нысан бірден пайдалануға берілетін болады. Мамандардың сөзіне сенсек, құрылғыларға жауапты мамандар Түрік елінен келіп қосып бермек.