Ағыбай батыр суретінің ақиқаты
Журналист жолға шыққанда жаныңда өзің барған жер жағдайын жақсы білетін жан болса, ісіңнің оңғарылғаны деп біле беріңіз. Редакция тапсырмасымен қиыр шет Мойынқұмда жүргенімізде, маған міне, сондай бір тамаша адам кездесті. Осы өңірдің тумасы, ес жиып, етек жапқаннан бері біз сөз етіп отырған өңірде табан аудармай еңбек еткен Сабыр Мұқановтың білмейтіні жоқ екен. Соны байқағаннан кейін бұл кісіден: «Жазылбек Қуанышбаев кезінде Ленинградтан Ағыбай батырдың суретін тауып алып келген», деген әңгіме жөнінде сыр тарттым. Оны өз басым алғаш рет 2006 жылы осында келіп, шопанатаның егіз ұлы Қойшыбай мен Тойшыбай туралы мақала жазғалы жүргенімде кездейсоқ естіп қалған едім.
– Сол сөз рас па? – дедім Мұқаңнан.
– Анықтайық, – деп жауап берді жолбасшым.
Сөйтті де Амангелді атты танысына телефон шалды. Кейін білдім, бұл кісі Ағыбай батырдың ел-жұртынан, осы Мойынқұмдағы сол туыс-тумаларын ұйыстырып отырған ауыл ағаларының бірі екен. Мұқаң міне, сол адаммен сөйлесіп болды да телефонды орнына қойып: «Иә, рас екен, деді. Ол: «Бұл мәселе жөнінде Жазекең сауапты, иманды іс жасаған жан. Сондықтан біз ол кісінің алдында қарыздармыз. Қажет болып жатса, оқиғаны батырдың тікелей ұрпақтарының бірінен тарайтын Мәулен ақсақалдың келіні Тиышкүл Әжиева әже айтып бере алады. Сол апаға барғандарыңыз дұрыс», деп жатыр», деді.
– Ой, рақмет! – дедік біз көңілімізді демдеп.
Сөйттік те Мойынқұм ауылының шығыс жағындағы үлкен каналды бойлай созылған көше, ондағы жаңағы Аякең айтқан қақпа алдындағы құдығы бар үйді іздеуге кірістік. Көп кешікпей оны таптық та. Есікті ашқан қарт ана аман-саулықтан соң бізді төрге оздырып, қойған сауалдарымызға жауап бере бастады.
– Мамандығым мұғалима еді, қарағым, – деді 82 жастағы әжей. – Осындағы орта мектепте оқушыларға 41 жыл математикадан сабақ бердім. Ұмытқаным жоқ, өзіңе жолбасшы болып жүрген мына Мұқан да 1963-1968 жылдары менен оқыған. Ал енді негізгі әңгімеге келсек, сендер қазір Ағыбай батырдың тікелей ұрпақтарының бірі Асыл атты бабамыздан туған Мәулен атамның шаңырағында отырсыңдар. Ол кісіден отағамыз Тілеуқұл, одан балаларым Тұрсынхан, Мұратхан, Алтынхан тарайды.
Осылай деген Тиышкүл әже біз дегбірсіздене күтіп отырған сурет тарихын баяндауға көшті. 1973 жылы облыстық партия комитетінен ауданға екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, атақты шопан Жазылбек Қуанышбаевтың Ленинградқа баратындығы туралы хабар келеді. Ақсақалды ол жерге апарып қайтуға жауапты адам ретінде Мойынқұм аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Әуесхан Мырзаханов бекітіледі. Сол кездегі күн көсем атындағы қалада өтетін бұл жиын халық шаруашылығының сан түрлі салаларында еңбек етіп жүрген ұстаз-жетекшілер мен тәлімгерлердің Бүкілодақтық слеті екен. Кузбастан шахтерлер, Якутиядан бұғы өсірушілер, Өзбекстан мен Грузиядан бағбандар, ал Мурманск пен Сахалиннен балықшылар шақырылған осы басқосуда аппақ күмістей сақалы кеудесін жауып, омырауында қос Алтын Жұлдызы жарқыраған шопаната Жазылбек Қуанышбаев та отырады. Үкімет өмірдегі бақыттарын еңбектен тапқан осындай аға ұрпақ өкілдерін одақтас республикалардан келген қыз-жігіттерге үлгі етіп таныстырып, ақыл-кеңестерін айтқызып болғаннан кейін, оларды Ленинград қаласының көрнекті орындарын аралатуға алып шығады. Сондай экскурсияда Қазақстаннан барған жасы-жасамысы бар 24 адамдық делегация Эрмитаждағы біздің республикамызға қатысы бар жәдігерлерден жасақталған көрмеге тап болады. Ондағы қойылған патша заманындағы киіз үй, ертоқым, сәукеле секілді заттарды жайлап көріп келе жатқан Жазекеңнің жанарына бір мезетте сарғыш тартқан шағын сурет ілігеді. Не ойлағанын кім білсін, содан қария әлгі жерден айналсоқтап шықпай қояды. Сөйтеді де:
– Әй, балам! – дейді Әуесханға. – Мынау кім?
– Білмеймін аға.
– Ендеше, тыңда! Бұл рәсім мына жерде тегін тұрған жоқ. Кім де болса атақты адам. Сұрашы аты-жөнін.
Ақсақалдың мына сөзінен кейін Әуесхан экскурсовод келіншекті қуып жетеді. Ол музейдегі әр экспонаттың жеке паспорты болатынын, сонда бәрі жазылып қойылатынын айтып, Жазекеңнің көмекшісін көрме әкімшілігіне жібереді.
– Жақсы, – дейді ондағы мамандар. – Атай залды аралай берсін. Шаршаса анау мүйістегі орындыққа отырып демалсын. Сол арада біз де сіздерге мұның бір хабарын беріп қалармыз.
Жарты сағат уақыттан соң, иә, сондай мезгіл мөлшерінде музей қызметкері Әуесханға суреттегі адамның кім екенін айтады.
– Ол Ағыбай Қоңырбаев деген кісі екен, ата, – дейді бұл Жазекеңе келіп. – Анықтамада патшалық самодержавиеге қарсы шыққан Кенесары Қасымовтың әскер басшысы болған адам деген түсінік бар екен.
Қарияның «самодержавиеде» не шаруасы бар, Ағыбай батыр атын естігенде толқып кетеді. Көз алдына Мойынқұм мен Бетпақдаланың түйісер тұсындағы биік мазар тұрған аңғар, жаз шыға екі облыстағы Шет пен Ұланбел малшыларының сол жерді жайлайтын жайлауы елестейді. Ойына жыл сайын сонда барғанда бірін-бірі ерулікке шақырған шопандармен бірге батыр бейітіне барып бет сипап, бұлақ басындағы баба туралы айтылған әңгімелер оралады.
– Әп, бәсе! – дейді осы жәйттер есіне түсіп, жанары жасаураған Жазекең. – Мына жерде бұл жарықтыққа құдай мені тегін жолықтырып тұрған жоқ. Берер ме екен?.. Сұрап көрші бастықтарынан… Елге әкетейін!
Ақсақалдың өтінішін естіген музей басшылығы алдымен бұған келіспейді. Бірақ қарияның «Алмай кетпеймін», деген сөзі мен кеудесіндегі қос Алтын Жұлдызын көріп илігеді.
– Көшірмесін берейік, – дейді. – Ол үшін Қазақстанның Мәскеудегі Тұрақты өкілдігі кепілдеме қағаз жіберсін.
Мұны естіген Әуесхан болған жағдай жөнінде Жамбыл облыстық партия комитетіне телефон соғады. Олар өз кезегінде Мәскеуге… Сөйтіп екі әлде үш күн дегенде Тұрақты өкілдіктен тиісті қағаз келеді. Ол құжат қолдарына тиген музей адамдары қонақ үйге келіп, сырты ағаш рамамен қоршалып, бетіне әйнек салынған көшірме портретті қарияға табыс етеді…
– Жазекең Ленинградтан келгеннен кейін, – деді Тиышкүл апай. – Мәулен атамды шақырып жатыр деп естідік. Барса: «Сүйінші! Бабаңның суретін тауып алып келдім. Көшірмесін жасатып ал да мынаны өзіме қайтар», депті. Қуаныштан көзіне жас алған атам: «А, құдай!» деп үйге сүріне-қабына кіргені есімде. Сол күні отағасым Тілеуқұлды Алматыдағы Сәмбет деген дәрігер туысымызға аттандырып, баба суретінен үш дана көшірме жасап әкелуге жіберді. Ол тапсырма орындалған соң, Мойынқұмдағы бүкіл шұбыртпалы руының үлкендерін шақырып, аруаққа құран оқытты. Сөйтті де сол жиын үстінде әлгі үш көшірме портреттердің бірі өзінің төрінде, қалғандары екі бауыры Доқтырхан мен Иманқұлдың үйлерінде тұратынын айтты.
– Ағыбай батырдың қазіргі біз көріп жүрген суреті осы фото екен ғой.
– Иә. Бірақ тәуелсіздікке дейін бұл бейнені елге көп көрсетпей, елеусіздеу ұстадық. Бір туысқанымыз оны көбейтіп пайда таппақ болғанда, 1948-1952 жылдардың зардабын бастан кешкен Мәулен атам оны «кәмпескелеп», сол даналарды жасаған тұрмыс қажетін өтеу комбинатындағы орыс келіншектен негативін жойғызып жіберді. Ал еліміз тәуелсіздік алғанда бұрынғы батырлар мен билердің аттары атала бастады емес пе?! Міне, сонда осындағы қоғамдық қозғалыс өкілдері: «Біздің ауылда Кенесарының бас сардары болған Ағыбай Қоңырбайұлының ұрпақтары бар. Олар тұратын көшеге батырдың атын беріп, мерейтойын атап өтейік», деген бастама көтерді. Халықтың сол үнінен кейін газет-журналдарға суреті жарияланып, «3-ші орам» деп аталып келген мына көше біздің бабамыздың есіміне ие болғаны бар.
Тиышкүл әженің бұдан кейінгі әңгімесінен мынаны ұқтық. 2012 жылы батыр бабаның туғанына 210 жыл толуына байланысты Мойынқұмда аймақтық ғылыми конференция өтеді. Міне, сонда оған қатысуға келген екі-үш жас ғалым батырдың суретін Ресей мұрағаттарынан тауып әкелген біз едік деген ыңғайдағы сөзді жанамалап айта бастайды. Мұны естіп отырған ауыл ақсақалдары аң-таң қалып: «Шындығын сіз білесіз ғой», дегендей осы басқосуға құрметті қонақ ретінде шақырылған Тиышкүл әжейге қарайды. Сонда орнынан тұрып, микрофонды қолына алған бұл кісі: «Ол әңгімені менен сұраңдар», деп болған жағдайды нақпа-нақ айтып береді.
– Қазір шындық ешкімді қызықтырмайды. Оның обал-сауабына ешкім қарамайды қарағым, – деді жоғарыдағы жағдайды есіне алған қарт ана. – Әйтпесе әлгіндей сөздерге не жорық? Олардың қайта шатасып, мұны осы Мойынқұмда, аталмыш оқиғаны білетін ауыл адамдары алдында айтқаны жақсы болды. Ал басқа жерде сөз етсе ше? Естіген жұрт солай екен деп сеніп қалады ғой. Осыдан іш жиған біздер, батыр бабаның қарашаңырағын ұстап отырған ұрпақтары ақылдаса келіп бір құжат жасадық. Онда оқиғаның қай жылы болғаны, оған қатысқан адамдардың кімдер екендігі баяндалған. Соның бір данасын өзіңе берейін. Жарай ма?
Осы сөздерді айтқан әжей қолымызға мәтіні компьютерге терілген бір парақ қағазды ұсынды. Біреу күмәнданса немесе дауласса көрсет деген ишараты ғой жарықтықтың. Содан соң ол кісі біздің өтінуіміз бойынша төрде тұрған Ағыбай батырдың портретін әкеп алдымызға қойды. Суретке түсіріп жатып бірден білдік. 70-80-жылдардағы Қазақстан астанасының фотостудияларындағы өзімізге таныс қолтаңба. Студент кезімізде әке-шешелеріміздің бейнелерін осылай жасатып, ауылдағы үйлерімізге талай апарғанбыз. Солар онда әлі де бар. Жиегі әлдебір оюмен өрнектеліп, ортадағы кісі сұлбасына қоңырқай фон берілген, беті су мен күн сәулесінен бүлінбесін деп түссіз пленкамен көмкерілген портреттер. Соның бірі арада 30-40 жыл өткен соң Мойынқұмдағы әже үйінен шығып отыр. Ол – тарихын жоғарыда өзіміз баяндаған Ағыбай батырдың бейнесі.
Жанболат АУПБАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері