«Кедергісіз келешек» – мүгедек жандарға қамқорлық

0 144

«AMANAT» партиясы жүйелі жұмысын жаңғырту мақсатында түрлі ауқымды шараларды іске асырып келеді. Олардың қатарында «Кедергісіз келешек» деп аталатын партиялық жоба да бар. Негізгі мақсаты – мемлекетіміздегі мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру сапасын жақсарту және тұрақты қамқорлық көрсету болып табылады.

Мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін еліміз кедергісіз аймаққа айналуға тиіс. Жалпы айтқанда, мұндай тұлғалар өздерін қоғамның толыққанды мүшесі екенін сезінулері керек. Осыған сәйкес, «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында Тараз қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысандарға зерделеу жұмыстарын жүргізді.

Партия облыстық филиалы жанынан құрылған жұмысшы топ өкілдері алдымен облыстық сот ғимаратына барып, мүмкіндігі шектеулі жандардың ғимаратқа емін-еркін кіріп шығуы үшін пандус жолдарына мониторинг жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, арнайы аяқпен немесе таяқпен сезілетін тактильді рельефті бағыттаушы жолақтар, көзі көрмейтін (зағип) жандарға арналған оқу тақталары, автотұрақтағы сары бояумен сызылған арнайы орын, ғимарат ішіндегі санитарлық-тұрмыстық орын және пандустағы дабыл түймесі назарға алынды.

– Біз бүгін зерделеу жұмыстарын жүргізген нысандардың басым бөлігі талапқа сай жабдықталған. Бұл «Кедергісіз келешек» партиялық жобасының ұзақ жылдар бойы жасалған жұмысының нәтижесі. Ал кейбір нысандарда талапқа сай емес екендігі анықталды. Ол бойынша жауапты мекемелерге тиісті ұсыныстар жолданатын болады. Жыл соңына дейін Тараз қаласы мен аудандарда 259 нысанды бейімдеу жоспарланған. Ол нысандардың барлығы партия назарында болады, – дейді партия Жамбыл облыстық филиалы Саяси жұмыс бөлімінің меңгерушісі Берік Телеушов.

Бұл жұмыстар облыс орталығындағы  «КМФ банк», «Отбасы банк», 2-ші қалалық емхана, «Болашақ» колледжінде де жалғасты. Жұмысшы топ өкілдері мүмкіндігі шектеулі жандардың ғимаратқа емін-еркін кіріп шығуы үшін пандус жолдары мен ғимарат ішіндегі санитарлық-тұрмыстық орын талапқа сай келетінін назарға алды.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.