«Мәжбүр болып отырмыз»: Премьер-министр бензин мен дизель отыны бағасының өсуіне қатысты мәлімдеме жасады
Премьер-министр Әлихан Смайылов бензин мен дизель отыны бағасының өсуі бойынша мәлімдеме жасады деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Үкімет отырысынан кейін министрлер кабинетінің басшысы журналистерді шақырып алып, бензин мен дизель отынының бағасы туралы мәлімдеме жасады. Премьер-министр бағаның мәжбүрлі түрде көтеріліп жатқанын атап өтіп, оны «қиын шешім»деп атады.
“Өздеріңіз білетіндей, кеше энергетика министрлігі бензин мен дизель отыны бағаларының көтерілуі бойынша тиісті шешім жобасын жариялады. Бұл оңай шешім емес, бұл шешімді қабылдауға біз мәжбүр болып отырмыз. Егер қазір мұнай өнімдерінің бағаларын қайта қарамасақ жақын арада біз отын тапшылығына тап боламыз. Жалпы Қазақстанда дизельдің тұтыну деңгейі өте жоғары. Жылына бір адамға алып қарасақ, 370 литрден келеді. Ал Ресейде бұл көрсеткіш 225 литр ғана. Қырғызстанда 98 литр, Өзбекстанда 44 литр, бізден 8 есе төмен”, – деді премьер-министр.
Оның айтуынша, бізде тұтыну деңгейі қарқынды өсіп келеді.
«Бұл жанар-жағармайды көрші елдерге транзиттік көлікпен және «сұр» экспорт түрінде әкету көлемінің өсуіне байланысты. Алайда экономиканың негізгі салаларында жанармай тұтыну деңгейі айтарлықтай өзгерген жоқ. Мемлекет жанармай өндірісін ұлғайту бойынша тиісті шараларды қабылдауда. Соңғы бес жылдың ішінде бензин өндірісі 70%-ке, дизель отынының өндірісі 33%-ке өсті. Былтыр дизельдің өндіріс көлемі 5,2 млн тоннаны құрады. Бұл рекордтық деңгей», — дейді премьер.
Ол мұнай өңдеу зауыттары өз мүмкіндіктерінің ең жоғары шегінде жұмыс істеп тұрғанын атап өтті. Дегенмен жанармай нарығында тапшылықтың қаупі азаяр емес.
«Сол жанармайдың көрші елдерге шығарылуы және тапшылықтың негізгі себебі ол – Қазақстандағы жанармай бағасының төмендігі», — дейді Смайылов.
Оның айтуынша, мұнай компаниялары жоғары қарқынмен жұмыс істеп жатыр.
«Дегенмен жанар-жағармай нарығында тапшылық мәселесі азаяр емес. Қазақстандық арзан жанар-жағармай әртүрлі жолмен көрші елдерге кетіп жатыр. Осылайша отандық арзан жанар-жағармай өзіміздің мүддесіне емес, көрші мемлекеттердің экономикасына жұмыс істеп отыр», — дейді прьемер-министр.
Айта кетсек, энергетика министрлігі мұнай өнімдерінің шекті бағасын көтеру туралы бұйрықтың жобасын қоғамдық талқылауға шығарды.
Құжатқа сәйкес, бағаларды мемлекеттік реттеуге жататын стационарлық автожанармай құю станциялары үшін мұнай өнімдерін бөлшек саудада өткізуге шекті бағаларды белгілеу туралы бұрынғы бұйрыққа өзгеріс енгізіледі.
Олар:
АИ-80 маркалы бензин – 1 литр үшін 89 теңге;
АИ-92 және Аи-93 маркалы бензин – 1 литр үшін 205 теңге;
дизель отыны (жазғы, маусымаралық) – 1 литр үшін 450 теңге;
Қазақстанда берілген жүргізуші куәлігін көрсеткен кезде тәулігіне 100 литрге дейін дизель отының құйып алуға болады. Сол кезде 1 литр үшін 295 теңге белгіленіп отыр. Ал жүк, арнайы, мамандандырылған автомобильдер мен автобустар үшін Қазақстан Республикасында берілген жүргізуші куәлігін және көлік құралын тіркеу туралы куәлікті көрсеткен жағдайда тәулігіне 300 литрді 295 теңгеге құйып алуға болады.
Бұйрықтың жобасы «Ашық НҚА» сайтында сәуірде жариянды. Қоғамдық талқылау 7 сәуірде аяқталады.