Дариғаның қазақ-қытай шекарасындағы бизнес схемасы: Назарбаева қалай пайдаға кенелді?

0 472

Назарбаев әулетінің активтері ептеп елдің иелігіне қайтып жатыр. Қаржы мониторинг агенттігі Дариғаның Қазақстан – Қытай шекарасындағы бизнес схемасына тергеу жүргізуде. Бұл туралы Dala inside телеграм арнасы хабарлады.

Себеп: Қытай мен қазақ шекарасындағы «Нұрлы жол» бекетіне қарасты ұзындығы 3 km (!) жолды Назарбаеваның «Eurotransit Nur Zholy» компаниясы пайда көзіне айналдырған.

Схема: Жетісу облысы, Панфилов ауданы Қазақстан — Қытай шекарасы маңындағы бейтарап аумақта «Нұрлы жол» өткізу пункті бар.

Қазақ шекарасынан өткесін саудагерлер нейтралды аумақта орналасқан сауда орталығына барып, өздеріне керектіні сатып алады. Бұдан кейін жүк пен жолаушыны жоғарыда айтқан «Eurotransit Nur Zholy-ның» көліктері шекара маңына дейін жеткізеді. Шекараға дейінгі жол ұзақтығы небәрі үш-ақ шақырым…

Жұрт осы үш шақырымды жүріп өту үшін Дариғаға тиесілі компанияның логистикалық қызметіне жүгініп, қомақты ақша төлеуге мәжбүр болған.

Жүк және жолаушы тасымалдау ісімен айналысатын өзге компанияларды бұл жерге жолатпаған. Осылайша «Eurotransit Nur Zholy» компаниясы Қорғастағы жеке-дара монополиске айналған

Факт: «Нұрлы жол» Орта Азиядағы ең үлкен өткізу бекеті.

Мұнда тек «Eurotransit Nur Zholy» компаниясының көліктері ғана қызмет көрсетіп келген. Таңғалмаңыз, бұл ескі Қазақстан.

Назарбаеваға тиесілі «Нұрлы жол» бекетін салуға «Еуразия банкінен» 100 млн доллар бөлінген.

Қаржы мониторингі «Eurotransit Nur Zholy» ЖШС-ын тексеру кезінде Қытайдың бейтарап аумағынан Қазақстанға жүк таситын жалғыз оператор бола тұра, қызмет құнын бәленбай есе өсіргенін дәлелдеді.

Дариғаға тиесілі компания монополистік қызметтен 4,2 млрд теңге табыс тапқан. Сөзге келмей кінәсін мойындаған компания басшылығы мемлекетке құны 5,3 млрд теңгеден асатын активтерін (3,6 гектар жер телімі бар) аудару туралы өтініш-хат беріпті.

Агенттік компанияның былықтарын тексеруді жалғастыруда.

Shishkin_like арнасының жазуынша, Қазақстан-Қытай шекарасындағы өткізу пункті «Eurasia Transit Holding LTD» серіктестігінің еншілес компаниясы.

«Eurasia Transit Holding LTD» құрылтайшыларына қарасаңыз келесі персоналар алдыңыздан шығады:

Данияр Қайрат — QazaqGaz компаниясының экс-басшысы, Дариға Назарбаеваның жұбайы делінген Қайрат Шәріпбаевтың ұлы.

Венера Шайжүнісова — Дариға Назарбаеваның кіші қызы.

Бұдан ілгерідегі «Eurotransit Nur Zholy» Дариға Назарбаева мен Қайрат Шәріпбаевтың бақылауында болғанын топшылауға болады.

Компания 2018 жылдан бері қазынаға 485 млн теңге салық төлеген. Ең қызығы салықтың сүбелі бөлігін (318 млн теңгені) Қаңтар оқиғасынан кейін апыл-ғұпыл аудара бастаған. Компанияның 2022 жылғы таза табысы 1,4 млрд теңгені құрағанын айта кету керек.

Қаңтар оқиғасы отыз жыл бойы халықтың несібесін төгіп-шашқан Назарбаев әулетін тәубесіне түсірді. Dalainside-қа жеткен мәлімет бойынша сайлаудан кейін Жаңа Қазақстан Дариға ханыммен мықтап айналыса бастайды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.