Мұхтар Әбіләзов өлімнен аман қалды
Мұхтар Әбіләзов өлімнен аман қалды
Шетелде жүріп Нұрсұлтан Назарбаевқа қарсылас болған саясаткер Мұхтар Әбіләзовтың өлімнен аман қалғаны белгілі болды. Бұл туралы kaz.orda.kz. жазды.
Dalainside-тың хабарлауынша, бірнеше жылдан бері іздеуде жүрген банкир тамақтан уланып, төсек тартып қалған. Сол сәтте ыстығы көтеріліп, көзі қарауытып, аяқ-қолынан жан кете бастаған.
– Келесі күні жағдайым тіптен мүшкілденіп, есімнен танып қалдым. Ажал алқымдаған сәтте адамның ойына не келіп, не кетпейді. Өлерімді білгенде өзегімді өкініш кернеді. Алдыма қойған мақсатқа жете алмай арманда кетерімді ойлағанда тіптен түңілдім. Жаңарған, демократияланған Қазақстанды көре алмай, дәл осылай кете барам ба? Ойым сан-саққа сапырылысып, сандырақтай бастадым, – дейді Әбіләзов.
Назарбаев биліктен кеткеннен кейін Қасым-Жомарт Тоқаевқа назарын бұрған саясаткер бұзылған астың уыты тарқаған соң ғана беті бері қараған екен. Ол есін жиған сәтте көз алдына Алматының таулары елестепті.
– Әйткенмен, әлі де су ішерлігім бар екен, өмір мен өлімнің күресінде алдыңғысы жеңіп шықты, – дейді экс-банкир.
Оппозиционердің Қазақстандағы қазіргі жүйемен күресуге қажетті қаражаты таусыла бастаған сыңайлы.
– Маған қарсы бұрын-соңды болмаған қысым жасалып жатыр. Ресурсым сарқылды. Тіпті заңгерлермен есеп айырысатын ақша таппай, тыпыршып отырған жайым бар. Түрлі тараптан төнген қауіп-қатер күшейіп келеді. Бірақ, біз беріспейміз, – деді Әбіләзов.