Сарысуда алаяқтықпен айналысқан жалған «әкімдік қызметкері» ұсталды
Сарысу аудандық полиция бөліміне Жаңатас қаласының бірнеше тұрғынынан әртүрлі уақытта бір мазмұндағы арыз түсті. Онда олар өзін «Ләззат» деп таныстырған әйелдің пәтер алып беремін деп сенімдеріне кіріп, қаржыларын иемденіп кеткені туралы көрсеткен.
Аталған әйел 13 адамның жалпы көлемі 8 миллион теңгеден астам ақшаларын алып, хабарсыз кеткен. Ол өзінің әкімдікте жұмыс жасайтынын айтқан және аудан орталығынан арзан бағаға кезексіз пәтер алып беремін деп алдаған.
Осы дерек бойынша ҚР ҚК 190-бабының 3-бөлігі 4-тармағымен (Бірнеше рет жасалған алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Бұл бапқа сәйкес мүлкi тәркiленіп, үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығынан айыруға дейін жаза қарастырылған.
Полиция қызметкерлерімен жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында 54 жастағы «М» есімді ешқайда жұмыс жасамайтын Жаңатас қаласының тұрғыны анықталып, ұсталды. Сонымен қатар, ол өз атын «Ләззат» деп өтірік айтқаны белгілі болды.
Қазіргі уақытта күдікті өз кінәсін толық мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.