«Елбасынан» айырылдық

0 592

Парламент Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевты барлық мәртебесінен айырды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» конституциялық заңның күшін жоюға депутаттар бірауыздан дауыс берді.
«Конституциялық реформа – елдегі билік тармақтарының институттарын құрудағы және қоғамда демократияны қалыптастырудағы тәуелсіздіктің 30 жылындағы үлкен қадам. Конституцияға енгізілген өзгертулерге сәйкес, баптың 4-тармағы Конституцияның 46-бабында тұңғыш президент Елбасының мәртебесі мен өкілеттігі конституциямен және конституциялық заңмен айқындалады деген норма көзделген. Демократиялық плюралистік бағытты ұстана отырып, Қазақстанның терең саяси трансформациясы кезеңінде жеке адамның билікті тартып алуына ықпал ететін кез келген тетіктерді жоққа шығару қажет. Сондықтан, халықтың басым көпшілігінің пікірін ескерген мәжіліс депутаттары аталған заң жобасын ұсынды», — дейді мәжіліс депутаты Ерлан Саиров.

Қатысым отырған депутаттардың ешқайсысы қарсылық білдірмеген. Заң жобасы бірінші оқылымда бірауыздан мақұлданып, бірден екінші оқылымда қарау үшін отырыстың күн тәртібіне енгізілді. Сенаттың 44 депутаты мен мәжілістің 93 депутаты екінші оқылымда да жобаны қолдап дауыс берді.

Толық шешім қабылдау үшін депутаттарға 18 минут жеткілікті болды.

Осылайша, экс-президент пен оның отбасы мүшелері аталған заңда белгіленген барлық артықшылықтардан айырылды. Назарбаевқа Конституцияда Қазақстанның барлық бұрынғы президенттері үшін берілген артықшылықтар берілген.

Еске салайық, бұған дейін Конституциялық сот «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» заңының күші жойылды деп тануға жатады деген шешім шығарған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.