«Сап-сау күйде жібергенбіз»: Бурабайға лагерге барған 14 жастағы бала жұмбақ жағдайда көз жұмды
Ақмола полицейлері Бурабай ауданындағы оқу-сауықтыру орталығында жасөспірімнің өлімін тергеп жатыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Полиция мәліметінше, 11 қаңтар күні таңғы сағат 06.36 шамасында Бурабай ауданының полиция бөліміне жедел жәрдем станциясының фельдшерінен 2008 жылы туған кәмелетке толмаған баланың оқу-сауықтыру орталықтарының бірінің аумағында қайтыс болғаны туралы хабарлама келіп түскен. Қайтыс болған бала Ақтөбе облысынан Бурабай ауданына 9 қаңтарда балалар тобының құрамында болған.
«10 қаңтардан 11 қаңтарға қараған түні кәмелетке толмаған бала ішінің ауырғанына шағымданған, ал таңертеңгі сағат 05.00 шамасында ауырсынудың күшеюіне байланысты кешеннің медициналық бөліміне жүгініп, жедел жәрдем шақырылған. Алайда жедел жәрдем келгенге дейін бала көз жұмған. Алғашқы тексеру кезінде жасөспірімнің зорлық-зомбылықтан қайтыс болуының сыртқы белгілері табылған жоқ», — деп хабарлады ПД баспасөз қызметі.
Қазір оқушының өліміне қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр.
Полицияның ақпаратына сүйенсек, 11 қаңтар күні жасөспірімнің неден өлгені белгілі болды: бала ағзасының қаны аз, кіші жамбасында қатерлі ісік болған.
Алайда баланың туыстары баланың өлімінің себебімен келіспей отыр. Айтуларынша, бала сап-сау күйде лагерьге кеткен.
“Мен баланың әкесінің ағасы боламын. Әкесімен сөйлестім. Бұл бала күн ара хоккейге барып, спортпен шынығып жүрген бала, Үйде болған кезде бала ешқандай да шағым білдірмеген. Өздері сене алмай отыр. Қуығында қатерлі ісік болған депті. Бұл мүмкін емес. Оның үстіне “Балдауренге” барарда медициналық тексеруден өтпей ме?”, – дейді Ерсайын Сыдықов.
Аталған оқиғаға қатысты Оқу-ағарту министрлігі пікір білдірді.
Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Жолдас Батырхан лагерьге барды.
Балалардың құқықтарын қорғау комитеті, білім басқармасы, құқық қорғау органдарының өкілдерінен тұратын арнайы комиссия құрылды.
Қазіргі таңда құқық қорғау органдары тергеу шараларын жүргізіп жатыр. Сараптама баланың қатерлі ісікпен ауырғанын көрсетті, оның салдары ішке қан кетуді тудырған. Құрылған комиссия жұмысын жалғастырып жатыр», – делінген министрлік ұсынған мәліметте.
Сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігі отбасына барлық қажетті көмек көрсетілетінін, «Балдәурен» сауықтыру орталығының және Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің ұжымы баланың туғандары мен жақынына қайғыра көңіл айтатынын жеткізді.