«Жетер. 30 жыл көніп болғанбыз»: Ринат Зайытов маңызды жазба жариялады
Ринат Зайытов инстаграм парақшасында полиция жұмысына қатысты сын айтылған жаңа жазба жариялады, деп хабарлайды Bugin.kz порталы. Жазбада қаңтар оқиғасынан кейін полицейлердің Назым есімді қызды тергеу кезінде Ринат Зайытов жайлы да сұрағаны айтылады.
«Қаңтар оқиғасынан кейін біздің елдегі полиция жұмысы титтей болса да жақсы жаққа өзгеруге тиіс еді. Әттең. Қанды қаңтарда бір мезетте жоқ болып, тығылып қалған сақшысымақтар қайта тайраңдамақшы екен. Сөзімнің дәлелі мына кісі баласы. Есімі Алмат Ырғалиев екен. Қазақтың қаршадай қызын жазықсыз, заңсыз көшеден ұстап алып, қылқындырып бөлімге сүйреген «Палуан». Назым қарындасымызды кабинетіне кіргізіп алып,( жанында тағы біреу бар) тергеген кезінде мен жайлы да сұрақтар қойыпты. Білгісі келгенін ертең бетіме айтсын. Ертең бұйырса сағат 13:00 Наурызбай аудандық полиция бөлімшесіне Назымды және бір топ тәуелсіз журналистерді ертіп барамын. Сұраймын. Ол кісі баласына қазақ қыздарының сұрауы жоқ деп айтқан кім? Қандай заңға сүйеніп қорғансыз қызға күш көрсетті? Зайытовтан экстремист жаса деп кім бұйырды? Осынша қорлыққа үндемей отыратын мал емеспіз! Қ.К. Тоқаев мырзаның уәде еткен өзгерістері шынымен басталса, погонын пайдаланып, ойына келгенін істейтін полицейлерді жұмыстан шығарып, жауапқа тартуын талап етемін.
P.S. Біз- қойдай момын халық болғанмен қыздарының ары мен ұлдарының намысын кірпік қақпай күзеткен қазақпыз. Жетер. 30 жыл көніп болғанбыз», — деп жазды Р. Зайытов өз инстаграм-парақшасындаСондай-ақ ол жоғарыда аты аталған қызметкердің фотосымен де бөліскен.