Жамбыл облысының Сарысу ауданында төтенше жағдай жарияланды
Сарысу ауданының Жаңатас қаласында желдің екпіні 30 м/с дейін жетуде. “ЖаңатаСуЖылу» МКК жеке генераторларының қуаты айналым-сорғыларының жұмысы үшін жеткіліксіз болуда. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Дауыл салдарынан Жаңатас қаласындағы шамамен 20 электр бағанасы құлаған. Желдің жоғары жылдамдығы оларды қалыпқа келтіру мүмкіндік бермей отыр.
Бағаналардың құлауына байланысты «ЖЭС» АҚ электр желілері тиісті кернеуді тарата алмауда.
“Шахан» қосалқы станциясында тиісті қондырғының салқындауы орын алды. Соған сәйкес, жылумен жабдықтау жүйесінен суды ағызу туралы шешім қабылданды.
Сарысу ауданы әкімінің өкімімен аудан аумағында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.
Жергілікті биліктің ұйымдастыруымен үш мектепте жылыту пунктері дайындалып, ыстық тамақпен қамтылуда.
Жылу беру электр желілерін қалпына келтірілгеннен кейін жүзеге асырылады. Ауыз су кесте бойынша берілуде.
Сондай-ақ Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің тапсырмасымен ауа-райының қолайсыздығына байланысты жедел штаб құрылып, жұмыс істеуде.
Жұмыс тобына жергілікті билік, төтенше жағдай қызметі, энергетика және өзге де сала мамандары енді.
Облыс әкімінің орынбасарлары Ерболат Ибрайханов Талас ауданына, Қанатбек Мәдібек Сарысу ауданына барып жағдаймен танысып, жұмыс тобымен зардап шеккен нысандарды қалпына келтіру, шығындар көлемін анықтау шараларын жүргізуде.