Таразда демеушілер есебінен мүмкіндігі шектеулі 2028 бала жаңажылдық сыйлықпен қамтылуда
Тараз қаласында демеушілер есебінен мүгедектігі бар 14 жасқа толмаған 2028 бала жаңажылдық сыйлықпен қамтылуда. Бұл туралы Тараз қаласы әкімдігінің ресми парақшасында айтылды.
Нақтырақ тоқталсақ, облыс орталығында тіркелген «Мейірім», «Болашақ» және арнайы мектеп-интернаттарда, интернат үйлерінде, оңалту орталықтарында, мектептер мен балабақшада білім алып жатқан, үй жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіліп жатқан балалар жаңажылдық сыйлыққа ие болады.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін қала көшелері Жаңа жыл мерекесіне арнайы безендірілетін. Бұл жұмысқа демеушілер тартылып, жиылған қаржы сонда жұмсалатын. Биыл әкімдік «ерекше» балаларға сыйлық жасауды қолға алыпты.
Қосымша сұрақтар бойынша 8(707) 373 1740; 54-47-01 байланыс нөмірлеріне хабарласуға болады.