Байзақтағы жарылыста жоғалып кеткен сержант табылды
Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы жарылыс кезінде жоғалып кеткен кіші сержант Бауыржан Дәуітбаевтың мәйіті табылды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Ақпаратты Оңтүстік өңірлік қолбасшылығы Тараз гарнизоны растады.
2021 жылдың 26 тамызында Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімнің қоймасында өрт шығып, жарылыс болды. Салдарынан 17 адам қаза тапты, бір адам хабар-ошарсыз кетті. Сол уақыттан бері кіші сержант Бауыржан Дәуітбаевтан еш хабар болмады.
Марқұмның шашылған сүйегінің бөлшектері мен киім қалдықтары жарылыс болған әскери бөлімнің ауласынан табылған. Табылған сүйекке жасалған сараптама із-түссіз жоғалған ер адамға толық сәйкес келген.
1 желтоқсанда Базарбай ауылында Бауыржан Дәуітбаевты жерлеу рәсімі өтеді.
Айта кетейік, марқұмның отбасы Отбасы Байзақ ауданының Базарбай ауылында тұрады. Бауыржан Дәуітбаев пен Ділнәз Данаеваның бес баласы бар. Күйеуі хабар-ошарсыз кеткенде Ділназ Данаева бесінші баласына жүкті болған. Ырымдап атын Аманкелді қойған.
«Қай жерде екенін айта алады деген адамның бәріне бардық. Алматыға да барып келдік. Іздемеңдер, таппайсыңдар деп, өзі келетінін айтады. Бірақ өзі келеді деп қол қусырып отыра бермейміз ғой. Соңғы рет Жасөркен (Жамбыл ауданы – Halyq Uni) деген ауылда жүр екен деген сыбыс шықты. Қазір қай тауға барып іздесек болады екен деп отырмыз», — деді Ділнәз Данаева жарылысқа бір жыл болған кезде.