Қамқалы және Жайлаукөл ауылдарында «street workout» алаңшалары ашылды

0 110
Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай, Қамқалы және Жайлаукөл ауылдарында салынған «street workout» алаңшаларының ашылу салтанатына қатысып, Шу бойында жатқан елді мекендердің тыныс-тіршілігімен танысып қайттым.

Шығанақ ауылындағы С.Сейфуллин және Жайлаукөл орта мектептері мен Қамқалы ауылындағы Т.Әубәкіров атындағы негізгі мектепте болып, жаңа оқу жылы мен алдағы жылыту маусымына дайындығы барысымен таныстым. Аталған мектептерде орыс тілі мен химия пәндерінің мұғалімдеріне сұраныс бар екен.
Шығанақ және Қамқалы ауылдарындағы медициналық пунктілер мен Жайлаукөл ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға да ат басын тіреп, ақ халатты абзал жандардың ахуалына қанық болдым. Өткен ғасырдың 70-ші жылдары салынған Жайлаукөл ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның ғимараты әбден ескірген. Алдағы жылы бюджеттен қолдау болса, жаңа ғимарат құрылысын жүргізу жоспарда бар.
Сондай-ақ, Шығанақ және Жайлаукөл ауылдық клубтарының ғимараттары күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді сұранып тұр. Аталған мәселені де бақылауға алып, бюджет есебінен жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша ұсыныс енгізетін боламыз.
Аталған ауылдарда «Транстелеком» компаниясы қызмет көрсететін интернет желісінің сапасының төмен болуы мектептер мен денсаулық сақтау мекемелерінің қалыпты жұмысына кері әсерін тигізуде. Бұл бағытта да облыстағы жауапты мекемелермен тиісті жұмыстар жүргізілетін болады.
Шығанақ және Жайлаукөл ауылдарында мешіт құрылыстары жүргізілуде. Осы ретте, көңіл бөлетін бір мәселе – діни сауаты бар кадрлардың тапшылығы. Сондықтан мешіт салатын кәсіпкер азаматтарға айтарым, «Алланың үйін» салумен қатар, Алланы ауызға алып азан айтатын маман тарту жағына да көңіл бөлсеңіздер. Себебі, осыдан 3-4 жыл бұрын салынған Қамқалы ауылындағы «Бегім Ата» мешітінің азансыз тұрғаны ауыл адамдарын алаңдатуда.
Leave A Reply

Your email address will not be published.