Жаңатастық ару құрт жасап миллион табуда
Мемлекет басшысы аталған Жолдауда: «Шағын және орта бизнес – қала мен ауылды дамытудың берік негізі. Шағын, әсіресе, микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады. Атап айтқанда, ең алдымен, ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс береді, жұмыссыздықты азайтады. Сонымен қатар салық базасын құрап, жергілікті бюджетті нығайтады. Сондай-ақ, жаппай кәсіпкерлікті дамыту санаға сіңген патерналистік пиғыл мен масылдықтан арылуға мүмкіндік береді», – деп атап көрсетті.
Бұл дегеніміз мемлекет тарапынан кәсіпкерлікке, оның ішінде ауыл бизнесінің дамуына алда көрсетілер қолдау толастамайды деген сөз. Жолдау жүктеген міндеттемелерді орындау мақсатында биыл Ұлттық қордан 100 миллиард теңге қаржы бөлінді. Осы ретте біз Жамбыл облысы, Сарысу ауданында кішігірім бизнес ашып, ауыл халқын жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер Ұлбосын Жақыпбекқызының тіршілігімен танысқан едік. Ол кәсіпкер ретінде мемлекеттен қолдау көруіне Жолдауда көрсетілген міндеттемелер түрткі болғанын айтты.
Сонау 2009 жылы Жаңатастағы М.Әуезов атындағы орта мектептің 9 сыныбын тәмамдаған жас қыз ата-анасының қалауымен арнаулы орта білім беру орнына «экономист» мамандығы бойынша ақылы бөлімге оқуға түседі. Алайда, Ұлбосын бұл саланы мүлдем қаламағанын сездірді. Өйткені оның бала кезінен бизнеске икемі болған екен. Өмір жолымен кейін мейрігер мамандығын оқып, бұл істі де жаны сүймегендіктен жұмысынан шығып кетеді. Сөйтіп 2016 жылы ойлана келе кәсіппен айналысуға бел буады. Жас кәсіпкердің айтуынша, бәрі бірден бола қоймаған, көп кедергілер болып, тіптен қиналған сәттерін бүгінде күліп еске алды.
– 2016 жылдың тамыз айынан бастап, жұмыс жасап жүрсем де өз дүкенімді ашу ойымнан бір сәт кетпеді. Алғашында қалтамда көк тыйын болмағандықтан өте қиын болды. Ол кезде 22 жастамын. Ата-анам жұмыстан кеткенімді қаламайтынын айтпаса да білетінмін. Солай ойлана келе, үй жағымда бос тұрған бұрын ешкім қолданбаған бос нысанға көзім түсіп, егесін тауып, жалға беруін сұрадым. Ол кісі марқұм атамның жақын танысы болып, маған тегін ұсынды. Өзім толық жөндеу жұмысын жасадым. Содан әр банктен 150-100 мың теңгеден бас-аяғы 14 несие алдым. Оның ішінде мемлекет тарапынан жасалған қолдаулар да бар. Бас-аяғы банктерге берешегім 2 миллион теңгені құрады.
Ақыры 2017 жылы біржолата жұмыстан шығып, саудаға білек сыбана кірістім. Әу баста мүлде тауар аз болды, сөреге сирек қойылған тауар түрлерінің жұпынылығынан дүкенге кірген кісілерден ұялатынмын. Кейін нарықты зерттеп, «ұлттық тағамдар дүкені жоқ» деп, өзіміздің тағамдарды сатылымға шығаруды ұйғардым.
Туыстарым «Ақ халатыңды тастап, немен айналысып жүрсің, сүт-айран сатқаныңа ел күлмей ме?» деген сарындағы сөздерінен құлағым жауыр болған кез де есімде. Тіпті дүкенді 6 айдан соң қайта жабуға тура келді. Несиелерімді төлеуге шамам жоқ, тауар алуға қаржы жағы тапшылық жасады. Ойлана келе инстаграмды көз майым аққанша, күні-түні зерттедім.
Бір күні қыста жабылып қалған дүкеніме барсам, 5 келі құрт бұрышта үстел үстінде тұр екен. Алдым да суретке түсіріп, желіде бөлістім. Бағыма орай Семей қаласынан 2 келі құртқа алғашқы тапсырыс түсті. Казпошта қызметін пайдаланып, құртты Семейге жөнелттім. Бір аптадан кейін алғашқы клиентімнің жылы лебізін естідім де, тіпті шабыт ашылып тағы да жарнамаға күш сала бастадым. Солай тапсырыстар Қазақстан бойынша біртіндеп түсе бастады. 1-2 ай мүлде тапсырыс түспей қалған кездер де болды. Өйткені бірде құртты басқа біреулерден алып, ол сапасыз болып шықты. Содан өзім құртты өз қолыммен жасауға бекіндім. Әжеме құрт жасауды үйретуді өтіндім. Үйге керекті жабдықтарды алып жасай бастадым. Күбі пісуді, тағы да басқаларын толықтай меңгеріп алдым. Сүтті ауыл тұрғындарынан жинадым. Өндірген тауарым өте дәмді әрі ерекше болып шықты. Клиенттер қуанып тапсырыс арта түсті. Содан құртымды жегенде есте балдай тәтті дәмі қалсын деген ниетпен «Балдай» деп ат қойдым, – дейді кәсіпкер қыз.
Мінекей, осындай алғашқы баспалдақтан өткен Ұлбосын өз кәсібін әлеуметтік желі арқылы дамытқан. Кейіннен ісі дөңгелей бастағанда, ауқымын кеңейту үшін қасына көмекші қыздар алды. Өйткені бұл іс оңай көрінгенімен ұсақ-түйек жұмысы көп. Тұтынушылар қатары артқан сайын жұмыс та қыза түседі. Шымкент қаласынан әріптес тауып, бірлесе байланыс орнатыпты. Күндіз-түні адал еңбектің арқасында қазір құртқа сұраныс тоннаға жеткен. Тіптен, облыс, республиканың барлық өңірімен қатар, Корея еліне де тауар жіберіп тұрады. Арнайы өнімді сақтайтын 5-6 тонналық цехы бар. Небәрі 10 жылдың ішінде шынашақтай қыз екі бөлмелі баспананы сатып алып, 3 көлік тізгіндеген.
– Туған жерім Жаңатаста ең алғаш ашқан дүкенім жұмысын тоқтатқан жоқ. Енді ешкі сүтінен қаймақ, йогурт, брынза, сыр, айран, сүт былайынша табиғи өнімдерді дамыту мақсатында шағын цех ашқалы жатырмын. Ешкі сүті емдік қасиетке ие. Дамытып, жандандыру біздің қолымызда. Осы күні «Сары Су» атты құрт шығарып жатырмыз. Нарықта жүргеніне 8 айдан енді асса да оның да сұранысы тоннаға жетті. Таза сиыр сүтінен жасалған, ерекше дәмді құрт. Барлығы заңдастырылған, арнайы сертификаттары, штрих код таңбалары да бар. Кез келген үлкен орындарға сатуға құқылы. Сапасы елге зиянсыз, таза тағам. Енді жеке кәсібім «Ұлбосын ұлттық тағамдары» атауымен көпке танымал. Бұл тек бастамасы деп білемін. Осы жолда адал еңбектеніп, елге қызмет жасай бермекпін, – дейді Ұлбосын Бақыт.
Кәсіпкер елімізде шағын және орта бизнеске қолдау жыл сайын артып келе жатқаны бізді қанаттандырады дейді. Алғашында мұндай қолдау көрмегенін жасырмады.
Ол: «Бұл салаға қолдау ғана емес, жоғарғы органдардан тексеру, тиісу де өте азайған. Бұл дұрыс деп ойлаймын. Кәсіпкер аяғынан тұрғанша, оған ешкім кедергі келтірмеуі керек. Аяғынан нық тұру дегеніміз, оңай емес. Уақыт, төзім керек. Осы ретте Мемлекет басшысына шағын және орта бизнесті қолдағанына ерекше ықыласымды білдіргім келеді. Алдағы уақытта сан түрлі бағдарламалар арқылы кәсіпті одан әрі өркендетуді мақсат етіп отырмын» , – деді.
Бүгінде еліміздің бас шаһарында, кейін Алматы, одан қалды Шымкент секілді үлкен мегаполис қалаларда тек ұлттық тағамдар ұсынылатын ас ішу орындары, демалыс аймақтары көптеп ашылуда. Оған себеп те елдің сұранысы болса керек. Халқымыздың дәстүрден қалыптасқан ас мәзірінің қай-қайсысы болмасын денсаулыққа пайдалы. Ұлттық деп ұмытпай жүрген тек ет, қуырдақ, бауырсақ секілді жиі айтылатын ас-ауқатымыз бар. Десе де жұртымыздың 100-ден аса тағам түрін күнделікті тұтынғаны жайлы ақпарды да кейіннен ғалымдарымыз дәлелдеуде. Ал Жамбыл облысы, Сарысу ауданында бір ғана құрт өнімінен милиондар тауып отырған жас кәсіпкердің ісі көпке үлгі-ақ.