2022 жылдың 12 қыркүйегінде Жамбыл облысы Полиция департаментінде облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіровтың төрағалығымен Жамбыл облысының құқық қорғау органдарының заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.
Отырысқа кеңес мүшелері мен облыс, қала әкімдігінің басшылығы, білім және денсаулық сақтау басқармаларының басшылары, сондай – ақ бейнеконференцбайланыс режимінде әкімдер, аудан прокурорлары және аудандық полиция бөлімдерінің бастықтары қатысты.
Үйлестіру кеңесінде бірінші кезекте 2021 жылы және 2022 жылдың 8 айында облыс бойынша құқық қорғау органдарындағы есептік-тіркеу тәртібі, қылмысты жасыру жолдары, электрондық ақпараттық-есепке алу құжаттарын дұрыс толтырмау арқылы статистикалық деректерді бұрмалау жағдайлары қаралды. Сонымен қатар, күн тәртібінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстардың және жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша жұмыстарға ерекше назар аударылды.
Алқа жиналысының күн тәртібіндегі екінші мәселеде жекелеген қылмыс түрлерінің алдын алу бағытындағы іс-шаралардың тиімділігі туралы, заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті күшейту арқылы халықтың құқық қорғау органдарына сенім деңгейін арттыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті. Сондай-ақ, білім беру мекемелеріндегі бейнебақылау камераларының Жедел басқару орталығына байланысу сапасын жақсарту, күзет қызметі пен дабыл түймелерін тиісті деңгейде қамтамасыз ету мәселелері айтылды.
Мәселен, Жамбыл облысы ПД бастығы Арманбек Баймурзин өз сөзінде облыс аумағындағы қауіпсіздіктi бақылау мен қылмыстың алдын алуда полиция қызметiне ең қажетті бейнебақылау камераларының орналасуы мен сапасына аса мән беруге, жолдардағы белгілердi сәйкестендіруді, тас жолдардың тегіс болуын қамтамасыз етуге тоқталды. Қала ішіндегі көшелерде жол белгілерінің дұрыс қойылмауы, бағдаршамдардың қалыпты жұмыс істемеуі, жолақтардың тиісті орындарға салынбауы жол қозғалысы қауіпсіздігіне кері әсер ететіндігін де айтып өтті.
Сондай-ақ, ПД бастығы мектептердегі бейнекамералардың жұмысына қатысты мәселелерді де айтты. Қала әкімі Бақытжан Орынбеков осы бағытта қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.
Кеңес төрағасы жиынды қортындылай келе, бұл салалардағы түйткілді мәселелердің себептерін жою, қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз ету және құқықтық тәртіпті сақтау бойынша жауапты органдар бірлескен жұмыс жүргізу қажеттігін атап өтті.