Бекболат Тілеухан күдікке ілінді
Ғарифолла Құрманғалиевтің немересі, өнер ғылымының кандидаты Меруерт Санатқызы Бекболат Тілеуханды сотқа берді деп хабарлады turkystan.kz Oinet.kz-ке сілтеме жасап.
«Бекболатпен консерваторияда бірге оқыдық. Біздің үйге емін-еркін кіріп, атамның архивін ақтарып жүретін. Бірақ біз оның арам ойы бар екенін білмедік. Ол сол кезде әннің нотасын ұрлап алып кеткен екен. Кейін жұбайым екеуміз атамның мерейтойына орай архивін ақтарғанда, осы әнге кезіктік… Жұбайым бірден «Ой, мынау таныс ән ғой» деген таңданысын білдіргенде барып назар аудардым. Қарасақ, бүгінде Бекболат орындап жүрген «Елім менің» деген ән екен. Тура айна-қатесіз. Бұл әнді Ғарифолла атам ертеде шығарып, орындап, бірақ халыққа таратуға мүмкіншілігі болмаса керек», – деді танымал өнерпаздың немересі.
Олар осы оқиғадан кейін Бекболат Тілеуханды іздеп барған.
«Ол бізді тыңдамақ түгілі, тіпті маңайына жолатар емес. Әрі-беріден соң «мен сені танымаймын» деп шықты. Тіпті болмағасын: «Сенің қолыңда не ақша, не билік жоқ, не істей аласың маған?!» деп турасына көшті. Бір кезде өз-өзінен дұға оқып, сендерді қарғысқа ұшыратам деп, маған: «Көзіме қара, көзіме қара!» деп айғайға басты. Осы сөзді жұбайыма да айтып еді, ол: «Мен сенің көзіңе қарайтын әйел емеспін, басымды ауыртпа», – деді. Осыдан соң біз оны сотқа беріп едік, сот арызымызды қабылдамады. Себебі ол сол кезде Парламент депутаты еді. Тіпті болмағасын мен қайта Бекболатқа барып, «Сен өзің бізді «өтірік жала жапты» деп сотқа берші, сот сосын ақ-қарасын айырсын», – деп едім, ол ат-тонын ала қашты. Енді тағы да сотқа бердік, бірақ ол шет елде жүр», – дейді Меруерт Санатқызы.