Мереке қарсаңында жаңа нысандар ашылды
Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай Сарысу ауданында ауданында игі шаралар аясында жаңа нысандар ашылып, пайдалануға берілді.
Алдымен, Маятас ауылынан азық — түлік дүкенінің салтанатты ашылуына қатысушылар еліміздің өркендеу жолындағы игілікті істердің ілгерілеп келе жатқанын алға тартты.
Одан әрі Балалар жылына орай балаларға арналған спорттық ойын алаңын ашу Жайылма ауылында жалғасын тапты. Бұл тарту ауылдың спортсүйер жас жеткіншектеріне тосынсый болып, ауыл ақсақалдары салауатты өмір салтын қалыптастырып, жас жеткіншектердің бос уақытын тиімді өткізуіне, спортпен шұғылдануына үлкен жол ашып отырған аудан әкіміне алғыстарын білдірді.
Ауылда спорт алаңымен қатар «Авто бөлшектер» дүкені ашылды. Енді ауыл тұрғындары көлік жөндеуге қажетті қосалқы бөлшектерін алыстан алып әуре болмайды. Бұл халық үшін уақытын үнемдей алатын жанға жайлы жаңалықтардың біріне айналды.
Сонымен қатар, Қамқалы және Жайлаукөл ауылдарында салынған «street workout» алаңшаларының ашылу салтанаты өтті. Аудан әкімнің орынбасары Еркебұлан Есмаханов жаңа нысанның лентасын қиып, ауылдарды аралап, тұрғындарды алаңдатқан мәселелерін тыңдап қайтты. Бірнеше ғимаратқа күрделі жөңдеу жұмыстарын жүргізу бойынша бюджетке ұсыныс енгізетіндігін де жеткізді. Көтерілген мәселе оң шешімін тауып жатса, алдағы уақытта аталған ауылдар күрделі жөңдеуден өтетін болады.
Жаңа нысандардың ашылуы ауданымыздың жыл санап көркейіп, заман ағымына қарай жаңаша серпілістердің бастамасына айналғаны сөзсіз.
Сарысу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі