Мәжіліс депутаты Болат Назарбаевтың қылмысы туралы шындықты жайып салды
Болат Назарбаев 5 жыл ішінде Қаскелең, Талғар, Нұр-Сұлтан қаласынан заңсыз жерлер алған. Бұл туралы «AMANAT» партиясы жанындағы Мемлекеттік басқаруды дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Республикалық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы кезінде Кеңес төрағасы Ерлан Саиров айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
“Өткен билік кезіндегі ығайлар мен сығайлардың жемқорлық, протекция істерінен сабақ алуымыз керек. Болат Назарбаев есімді азамат 5 жыл ішінде Қаскелең, Талғар, Нұр-Сұлтан қалаларында коттедж қалашығын және әкімшілік ғимарат пен базар салуға 240 гектар болатын 59 жер телімін алған деген ақпарат бар”, — дейді Ерлан Саиров.
Депутат Болат Назарбаевтың заңсыз алған жерлерінің құжаты бар екенін айтты. Алайда журналистер құжаттардың көшірмесін сұрағанымен, бере алмайтынын айтқан.
“Аталған жер телімдерінің бағасы нарықта жүздеген млн доллар тұрады. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің дерегіне сүйенсек, 2 миллион азамат 10 сотық жерді ала алмай телміріп жүр. Бұл неткен әлеуметтік теңсіздік? Конституциядағы теңдік принциптері қайда? Осындай жағдай халықтың ашуын туғызатыны сөзсіз. Мұндай жағдайдың міндетті түрде сұрауы болады. Кеңес аппаратына осы мәселемен айналысуды тапсырамын. Бұл мәселені түбіне дейін жеткізіңіздер”, — дейді Ерлан Саиров.
Айта кетсек, бұған дейін Болат Назарбаевтың көз жұмғаны туралы ақпарат тараған болатын. Кейін Болаттың әйелі Динара Мамитекова бұл ақпаратты жоққа шығарды.