«Ұлыбритания Қазақстаннан қару сатып алып, Украинаға жіберуде»: желідегі ақпарат талқыға түсуде
Ұлыбританияның Украинаға жіберу үшін Қазақстаннан қару мен әскери техника сатып алып жатқаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Stopfake.kz басылымына сілтеме жасап.
Қазір Қазнетте Ұлыбританияның Қазақстаннан қару сатып алып, Украинаға жіберіп жатқаны жайлы ақпарат тараған. Мұнда келіссөздің «Техноэкспорт» деп аталатын компанияның делдалдығы арқылы жүргені айтылады. Ақпаратқа сәйкес 16 шілдеде 46 миллион долларға арналған келісімшарт жасалған.
«2021 және 2022 жылдары «Техноэкспорт» компаниясы қару, оқ-дәрі мен әскери техника экспортына лицензия алу үшін министрлікке жүгінген жоқ», – делінген Индутрия министрлігінің хабарламасында.
Сондай-ақ ведомство өкілдері Ұлыбританияға қару мен әскери техниканы экспорттау үшін лицензия бермегенін атап өтті.
Республикадан қару-жарақ экспорттау импорттаушы мемлекет оны Қазақстанның құзырлы органдарының рұқсатынсыз қайта экспорттамайтынын қарастыратын норма болған кезде ғана жүзеге асырылады. Ал министрлік жоғарыда аталған қаруды қайта экспорттау үшін рұқсат бермеген.