«20 шақты баласы бар, көбісін ұмытып та қалған»: Болат Назарбаевтың әйелі отбасы жайлы тың деректі жария етті
Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған інісі Болат Назарбаев қайтыс болды деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Экспресс К тілшілері оның әйелі Динарамен хабарласты. Ол күйеуінің жағдайы дұрыс екенін айтумен ғана шектелмей, тұңғыш рет Болат Назарбаевтың отбасы жайлы тың деректі жария етті.
36 жастағы Динара өзінен 33 жас үлкен Болат Назарбаевтың жеке өмірі туралы құпияның бәрін ашты деп хабарлайды Экспресс К. Экс-президенттің інісінің қазіргі қайын атасы өзінен 4 жасқа кіші.
Экспресс К: Динара, Болат Назарбаевпен қашан таныстыңыздар және қай уақыттан бері біргесіздер?
Тойда ән айтатынмын. Қаскелеңдегі бір отырыста жүздестік. Мен басында бұл кісінің кім екенін білген де жоқпын. Сондағы таныстарым Болат Назарбаев тойда отыр дегенде сенген жоқпын. Кейін таныстығымыз махаббатқа ұласты. Ал 2012 жылдан бері азаматтық некедегі әйелімін.
Той жасадыңыздар ма?
Жоқ. Жолдасым дүркіретіп өткізбек болды. Бірақ мен қарсы болдым. Не керегі бар?
Балаларыңыз бар ма?
Иә. Екі баламыз бар. Үлкені — Еркежан. 4 жаста. Кіші ұлымыз 10 айлық. Есімі — Мұхаммед. Кенжеміз Германияда туылды. Әкесі операцияда жатқанда дүниеге келді. Бөкеңнің үлкен қызы Гүлмира да сол кезде жанымызда болған. Сол кісі ұлымызды «Герман» деп еркелетіп кетті. Содан бері Герман дейміз (күледі). Ең үлкен жолдасы (Гүлжан Назарбаева) да батасын берді. Жолдасым қазір кішкентай Мұхаммедке қараса серпіліп қалады.
Болат Назарбаев бірнеше рет әйел алды. Одан бөлек те ашық жүрді дейді. Неше түрлі әңгіме естисіз, сізге ауыр тимей ме?
Мен басынан бұл кісінің қандай азамат екенін білдім. Сондықтан ауыр емес. Керісінше бір-бірімізді жұбатып қоямыз. Ол кісінің өзі қатты мән бермейді де. Тіпті бұрын ауырмай тұрғанда көп басылым жазбай қалса, әзілдеп өзі де айтып тұратын. «Тынышталып қалды ғой» деп. Әрине оның бәрі оңай емес. Тіл де, көз де бар.
Басқа жақта баласы бар екенін сізге айтқан кезі бар ма?
Иә, менен ештеңе жасырған емес. Ересек балалары білмейтіндерді де маған айтады. Әркімнің өз өмірі ғой. Ол кісінің жеке өмірін құрметтедім, сыйладым. Ешқашан арасына түсіп от жаққан емеспін. Ол кісі осы үйдің қақпасынан кіре ма, сол кезден бастап біз біргеміз. Ал үйден шықты ма, оның жеке өмірі. Біздің қағида — осы. Тәтем (Гүлжан Назарбаева-Болаттың алғашқы әйелі) алдында тура осындай ережеде өмір сүрген. Мен сол кісінің ұстанымын жалғастырдым.
Жалпы Болат Назарбаевтың неше баласы бар?
Біздің білетініміз 20-ға жуықтайды. Ол кісі көбін ұмытып та қалған. Мен әрайсының атын білемін. Бәрін өзіне айтып отырамын. Бәрінің туған күніне дейін жазып алғамыз. Мысалы 2-ші әйелінен Ербол есімді ұлы бар. Сол араласып тұрады.
Басқа әйелдеріне қызғанған кезіңіз болды ма?
Басында мүлде қызғанып көрмеппін. Уақыт өте біраз әңгіме болғаны рас. Көбі дүниесі, ақшасы үшін жүрді.
Өзіңіздің әке-шешеңіз бар ма? Ол кісілер тұрмысқа шыққанда қарсы болды ма?
Иә, Семей өңірінің тумасы. Әкемнің жасы 65-те. Әрине басында қарсы болды. Қызым бұның қалай болар екен дегені рас. Қазір келіп тұрады. Арқасына (Өзінен 4 жас ұлкен күйеу баласына) массаж жасайды. Әкем келмей кетсе, жолдасым алаңдап, сұрап тұратыны бар.
Болат Назарбаев ауырып жатқалы біраз болды. Сіздер қандай қаржыға күн көресіздер?
Балалары көмектеседі. Шамамен 108 мың теңге зейнетақысы да бар. Соны пайдаланамыз. Шыны керек, өткен айда ауруханада жатқанда гемодиализді сол зейнетақысынан төледік. Осы орайда дәрігерлерге де рахмет айтқым келеді. Күні-түні мазалаған сәттер де болады. Тағы бір айта кететіні, рейдерлік әрекет, басқа да жаман іс-әрекетке осы кісіні кінәлап жатады. Мен қасында тұрып жатқалы 10 жылдан асты. Білетінім, Үлкен кісі (Нұрсұлтан Назарбаев) кезінде атыма кір кілтірме деп қатал тапсырған екен. Бар ғұмырын сол кісінің абыройын ойлаумен өткізді. Той-томалақтың ортасында жүрді, серуендеді, әйел алды, соның жағдайын жасады. Сол әйелдердің тума-туысына дейін көмектесті. Сондай серілік тағдырды таңдады.
Мысалы қазір сыртқа шығасыз, балалармен қыдырасыз. Сол кезде сіздің көрген жұрт көзіңізге шұқып, бетіңізге жаман айтқан кездер болды ма?
Біз осы Шамалған төңірегінде қыдырып шыға аламыз. Себебі көбіне қасында болғандықтан алысқа баруға қорқамын. Сол кезде байқағаным халықтың көпшілігі тілеуін тілеп отыр. Көре қалған ауылдас ағайын жағдайын сұрайды. Осы ауылға көп еңбегі сіңді. Ел соны бағалап жатыр. Ал негізі, артынан жаман сөз ергені сол қасындағы сенімді адамдардың кесірінен деп ойлаймын. Жауы алыстан келмейді дейді ғой. Сондықтан бәрінің аражігін ажырату үшін уақыт керек.
Экс президент Нұрсұлтан Назарбаев бауырының жағдайын сұрап тұра ма?
Әрине, бауырының көңілін сұрап маусымда келіп кетті. Бір сағаттай әке-шешесінің шаңырағында кездесу болды. Содан бері күш алып, жақсы болып қалды. Бауыр болған соң көзбен түсініседі екен.
Сұқбатыңызға рахмет!