Бекболат ұлттық спортқа бөлінген ақшаны жекеменшік ғимаратына төлеген
ҚР Ұлттық спорт түрлерінен бұрынғы мемлекеттік жаттықтырушы Рамазан Сәттібай журналист Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында Ұлттық спорт қауымдастығы Бекболат Тілеуханов басқарған кезде не себепті құлдырап кеткені тоқталып, былықтарын ашып берді. Бұл туралы «Адырна» ұлттық порталы жазады.
«Бекболатты Ұлттық спорт қауымдастығына қолынан жетектеп өзім алып келдім. Ұлттық спортымыз даму керек дедім. Бірақ бұл жерде жалғандық көбейіп кетті. Бұл жарнама. Ұлттық спорт жарыстарын қауқылдатып, шуылдатып, дуылдатып өткіземіз. Бірақ оның ар жағында бір керемет нәрі, тәрбиелік мәні жоқ. Сондай бір ел «Ой, шіркін-ай! Міне, болса осындай болсын! Нағыз қазақтың рухани дүниесі тіріліп жатыр ғой! Мынау керемет екен» деген нәрсесі жоқ. Сол өзіміз сол 15-20 үйімізді тігіп тастап, улаған-шулағанға әрі сапырып, бері сапырып өткіземіз. Бекболатты сол қызметке әкелгеніме өкіндім десем де болады. Неге десең… Жүдеу, талғампаздық жоқ. Түк жоқ. Құр әшейін бүгінгімен ғана жарқ-жұрқ етіп өткізе салып, ертеңгі күні ол өшсе өше берсін дегендей…», — дейді Рамазан Сәттібай.
Сұхбат барысында Рамазан Сәттібай Ұлттық спорт қауымдастығы Бекболат Тілеуханның жеке меншік ғимаратында отыратынын мәлімдеді.
«Қауымдастық дегенде өзінің жеке меншік ғимараты ғой. Сол Бекболаттың өзіне қарайтын ғимараттың ішінде біздің қауымдастығымыз отырады. Қазіргі спортты дамыту орталығы ол кісілер де сонда отырады. Енді бұл қауымдастыққа ақша бюджеттен емес Самұрық-Қазынадан бөлінді. Сол қордан жылына бізге ақша бөлінеді. «Ана жарысқа жетпей жатыр, мына спортты көтеру керек» деп айтам… «Ақша жоқ, ақша жоқ, ақша жоқ ана жерде». Енді Самұрық-Қазынадан бір көргенімде жылына біз 1 млрдтай ақша алдық. Бұл ұлттық спортқа деген сұмдық ақша!», — дейді жаттықтырушы.
Рамазан Сәттібай Ұлттық спортқа бөлінген ақшаны сол кезде Қайрат Сатыбалды иемденіп, өзі алып отырғанына тоқталды.
«Бекболат екеуміз бір күні ренжістік. Ақша қайда? деп. «Ақша енді Раха өзіңіз білесіз ғой, Самұрық-Қазынадан Қайрекең барып алады» деді. Біздің почетный президент, құрметті президентіміз Қайрат Сатыбалды алып кетеді, ақша сол кісіде қалады. Мен айтамын: «Тоқтат, тура біздің Ұлттық спортымызға қарап тұр ма? Осы біздің ақшамызға? Оны жалғыз мен емес естіген. «Болмайды жігіттер, мынаны айту керек. Қайрат сонда біздің Ұлттық спортымызға қарап жүр ма сонда?» дедім. «Ой қайтесіз Раха! Қайтесіз оны. Неменеге бүйтесіз оны» деді. Мен «Тоқтат, мен оған өшпенділікпен, көреалмаушылықпен, қызғанышпен, басқа бірденемен емес… Өзін қараш әне, таэквондоны қара! Каратэны қара! Алтынмен аптап, күмістеп қаптап қойған. Ей, мен өз жерімде жүріп, өз ауылымда жүріп ұлттық спортым не болып жатыр? Мынау қайыршы емес, сорлының күйін кешіп жүр ғой… Бұл сонда қалай?», — дейді Рамазан Сәттібай.