Қазақстанда нөмірсіз немесе лас нөмірмен көлік жүргізгендерге қанша айыппұл салынады
Көліктерді, тракторларды, өздігінен жүретін машиналарды, трамвайларды, троллейбустарды, мотоциклдерді және өзге де көлік құралдарын мемлекеттік нөмірсіз басқаруға болмайды. Мемлекеттік тіркеу нөміріне байланысты ережелерді сақтамағаны үшін айыппұлдар Әкімшілік кодекстің 590-бабы «Көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзу» дерегі бойынша қарастырылған.
5 АЕК
Егер көлік нөміріңіз көрінбейтіндей лас күйде болса, 2021 жылы бұл үшін сізге 5 АЕК, яғни 14 585 теңге мөлшерінде айыппұл салынады. Көлік нөмірі боялған, лас, өшірілген немесе өзге бұйыммен жабылған болмауы тиіс.
Көлік белгісі стандарт талаптарына сәйкес келмесе, дәл осындай көлемде айыппұл қарастырылған. Бұл нөмірдің әр түрлі сипаттамаларын — миллиметрдегі өлшемдер, әріптер мен сандардың өлшемдері, түстер, жарыққа шағылысу коэффициенті, көру бұрышы және өзге де сипаттамаларын анықтайтын нормалар жиынтығы. Яғни, көлік нөмірі тіркелгеннен кейін берілген түрінде қалуы керек.
Одан бөлек, көлік нөмірі өзінің белгіленген орнында орналастырылуы қажет. Олай етілмеген жағдайда 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады.
Егер сіз мұндай заңбұзушылыққа екінші рет жол берген болсаңыз айыппұл мөлшері 20 АЕК-ге дейін өседі, яғни 58 340 теңге болады.
10 АЕК
Егер жүргізуші нөмірі жоқ көлікті басқарса, 2021 жылы айыппұл көлемі екі есе жоғары, яғни 29170 теңге болмақ. Және сіздің не себепті көлік нөмірінсіз жүргеніңіз маңызды емес: нөмір жоғалған, ұрланған, жол полициясы оны шешіп алып кеткен болса да, көлік нөмірі қайта орнатылғанға дейін оны басқаруға болмайды.
Әлі тіркелмеген немесе қолдануға тыйым салынған нөмірмен көлік басқарғандар 10 АЕК көлемінде айыппұл төлейді.
15 АЕК
Мемлекеттік нөмірі жоқ көлік құралдарын тұраққа қоюға рұқсат етіледі, бірақ жалған нөмірі бар көлікті тұраққа қоюға болмайды.
Көлікке біле тұра жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлерін орнатқаны үшін биыл жеке тұлғаларға 43755 теңге айыппұл қарастырылған.
Егер бұл құқықбұзушылықты шенеунік жасаған болса, онда ол 50 АЕК немесе 145 850 теңге төлеуі керек болады.
Шағын кәсіпкерлік пен коммерциялық емес ұйымдарға айыппұл 100 АЕК немесе 291 700 теңгені, орта бизнес өкілдеріне — 200 АЕК немесе 583 400 теңгені, ірі кәсіп өкілдеріне — 400 АЕК немесе 1 166 800 теңгені құрайды.
20 АЕК
Ал жалған нөмірмен көлік жүргізу 20 АЕК немесе 58340 теңге айыппұлға әкеп соғады.
Дәл осындай жаза мемлекеттік нөмірді сәйкестендіруге кедергі келтіретін, оны өзгертуге және жасыруға мүмкіндік беретін құрылғылармен және материалдармен жабдықталған нөмірлік белгілермен көлік басқарғаны үшін қолданылады.
Бұл құқықбұзушылық үшін көлік иесі бір жылға көлік құралдарын басқару құқығынан айырылуы мүмкін.
NUR.KZ