Инвесторлардың ұсынысы назардан тыс қалмайды

0 146

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен инвес­тициялық штабтың кезекті отырысы өтті. Оған бірқатар инвес­торлар ке­ліп, өздерінің ұсыныстары мен мәсе­ле­лерін білдірді. Ұсыныстар қатарында магний нитраты және магний суль­фатын өндіретін зауыт салу, CaF2 – флюорит концентратын өндіру бойын­ша тау-кен байыту комбинатының құры­лысын жүргізу, сүт фермасы, ауыл шаруашылығын цифрлық несиелеуге қатысты және тағы басқа жобалар болды.
Аймақ басшысы барлық ұсынылған жобалардың болашағы мен нәтижелігіне қатысты сұрақтар жолдап, жауаптар алды. Тиісті тұлғаларға нақты міндеттер жүктеп, назарға алу, зерделеу, қажетті қолдауларды көрсету үшін жан-жақты жұмыстар жүргізуді тапсырды.
Айта кетейік, бұған дейін инвес­тициялық штабтың бес отырысы өткен болатын десек, басқосуда сол кеңестерде облыс әкімімен берілген хаттамалық тапсырмалардың орындалуы жайы қаралды. Ол туралы кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев баяндады.
Өткен кеңестерде барлығы 30 жоба қаралса, оның 14-і жаңа, қалғаны іске асып жатқан жобалар. Ол жобалар бойынша жалпы 69 хаттамалық тапсырма берілсе, қазіргі таңда 28 тапсырма орын­далған, 41-і орындалу барысында. Ұсынылған жобалар толығымен жү­зеге асқан жағдайда 2500 жұмыс орны ашылып, жалпы 48,4 млрд. теңге са­лықтық түсімдер түседі деп күтілуде.
Облыс әкімі тапсырмалардың орын­далу барысындағы кейбір мәсе­лелер бойынша бірқатар басқармалар мен аудан әкімдерінің жеке-жеке жауап­тарын тыңдады.
– Басқармалар мен аудан әкімдіктері тығыз байланыста жұмыс жасау қажет. Өзара үйлесімді әрекет, ортақ түсінік пен көзқарас болған жағдайда ғана нәтижеге қол жеткіземіз.
Штаб жұмысы тұрақты түрде әрі нәтижелі жалғасуы маңызды. Бірде-бір инвестор мен олардың жобалары назардан тыс қалмауы керек. Барлық ұсыныстар ескеріліп, мәселелерді шешу бойынша жұмыстар жүргізілуі тиіс,– деді Н. Нұржігітов.

Leave A Reply

Your email address will not be published.