Тұтынушылар құқығын қорғау назардан тыс қалмауы керек

0 190

Соңғы уақытта тұрғындар тарапынан базардағы азық-түлік бағасының шектен тыс қымбаттауына қатысты арыз-шағымдар көбейген. Әсіресе, аудан орталығындағы «Үсен-Ұлы» сауда нысанында біраз заңсыздықтар орын алуда.

Осыған орай тауар бағасы өсімінің алдын алу мақсатында аудан әкімінің орынбасары Елдос Нұралиев бастаған жергілікті атқарушы органдардан құрылған жұмысшы топ бірнеше күннен бері таң азаннан аудан орталығындағы көпшілік баратын базарларда зерделеу жұмыстарын жүргізді. Соның нәтижесінде жұмысшы топ өкілдері сауда нүктелерінен бірқатар олқылықтардың табылғанын алға тартады. Атап айтатын болсақ, «Үсен-Ұлы» базарының жергілікті көтерме саудагерлері Масаншы, Сортөбе, Алматы, Шымкент, Қырғызстаннан келетін тауар жеткізушілерден көкөніс-жемістерді төмен бағамен алып, оны халыққа екі есе қымбат сатуда. Одан бөлек сырттан келген бірде бір тауардың бағасы көрсетілген анықтама қағазы (накладной), фитосанитарлық сертификаты жоқ. Ал жергілікті атқарушы органдар тауардың анықтама қағазы болмағандықтан көтерме саудагерлердің бағаны негізсіз өсіріп отырғандығын дәлелдей алмай отыр.
Базардағы бейберекет сауданың куәсі болған аудан әкімінің орынбасары Елдос Нұралиев жұма күні аудан әкімдігінде кәсіпкерлермен кездесіп, осы өзекті мәселені талқылады. Жиында ең алдымен аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Е.Құшанов базарлардан түсіп жатқан түсімдер жайында баяндама жасады. Одан кейін аудандық төтенше жағдайлар бөлімі өкілі базарлардағы өрт қауіпсіздігінің сақталуына қатысты жүргізілген іс-шараларға тоқталып өтті. Баяндамашылардың есебін тыңдаған Е.Бекболатұлы күн тәртібіндегі негізгі мәселені, яғни азық-түлік бағалары өсімінің алдын алу шараларын сөз етті. Аудан әкімінің орынбасары кәсіпкерлерді ҚР «Сауда қызметін реттеу туралы» заңымен, ҚР Кәсіпкерлік кодексімен таныстырды. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңына және Ұлттық экономика министрлігі бекіткен Ішкі сауда ережесіне сәйкес тауардың үстеме мөлшері 15%-дан аспауы тиіс екендігін тағы бір мәрте ескертіп, егер үстеме баға шекті мөлшерден асқан жағдайда жергілікті атқарушы органдар айыппұл салатынын жеткізді. «Аудан орталығында орналасқан базарлардағы азық-түліктердің бағасын тұрақтандырып, заңсыздықты болдырмаудың жолы ретінде жұмысшы топ мынандай шешімге келіп отыр. «Үсен Ұлы» базары тұсында көтерме сауда нүктесін жасаймыз. Сол көтерме сауда нысаны болашақта алыс-жақын облыстардан, көрші елдерден келетін тауар жеткізушілерді тиісті құжаттарымен қабылдайтын болады. Сонда ғана саудагерлер анықтама қағазының (накладной) жоқтығын алға тартпай, бәрін ашық, заңға сәйкес жүргізеді», — деді аудан әкімінің орынбасары. Жиынды қорытындылай келе осы бағыттағы жұмыстар әлі жалғасатынын айтып, жауапты тұлғаларды түйткілді мәселені шешуге бір кісідей жұмыла атсалысуға шақырды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.