Жемісті жобаның жоба жүзеге асуы жалғасады
Жамбыл облысында тұрғындардың тұрмыстық табысын жақсарту пилоттық жобасы биыл тағы 10 ауылдық округте жүзеге аса бастайды. Бұл туралы облыс әкімінің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте айтылды.
Басқосуда алдымен коронавирустық инфекцияның алдын алу мәселелері қаралды.
Өңірдегі эпидемиологиялық жағдай және егу жұмыстары туралы баяндаған облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев өткен тәулікте КВИ-дің 23 жағдайы (тәуліктік өсім 0,08%), пневмонияның 1 жағдайы (тәуліктік өсім 0,01%) тіркелгенін айтты.
Күнделікті ақпарат бойынша инфекциялық стационарларда – 30, оның ішінде реанимацияда 3 науқас ем қабылдауда.
Одан бөлек, КВИ өршіген жағдайда резерв ретінде 2 760 инфекциялық, оның ішінде 276 реанимациялық төсек орны ашылып, кезең-кезеңмен жұмылдырылатын болады.
Жалпы облыстағы 638 398 тұлға коронавирусқа қарсы вакцинаның 1-ші компонентін, 632 595 тұлға 2-ші компонентін қабылдаған. Ал, ревакцинациядан 403 618 (83,0%) адам өткен.
Аймақ басшысы ревакцинация бойынша жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Облыс «Сары аймаққа» өтетін болса «маска режиміне» көшуге тура келетінін жеткізген Нұржан Нұржігітов барлық сақтық шараларын қазірден қамтамасыз ету қажеттігін баса айтты.
— Бұл бағыттағы барлық жұмыстар бақылауда болып, апта сайын қаралады. Бұған дейін тәжірибені пайдалану керек. Осы мақсатта ашылған оңалту орталығы толығымен жұмыс істеуі тиіс,-деді облыс әкімі.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша мал жайылымы және қолдан ұрықтандыру мәселелері қаралды.
Жер қатынастары басқармасының басшысы Бақтияр Көпбосыновтың айтуынша, жайылым жетіспеушілігін жою мақсатында ағымдағы жылы бірқатар жұмыстар жоспарланған. Атап айтқанда, жайылым жерлер көлемін 418 мың гектарға ұлғайту қарастырылған десек, оның 107 мың гектары босалқы жерлер есебінен, 166 мың гектары 5 шақырымдық радиуыста орналасқан жерлер есебінен, 146 мың гектары игерілмеген жерлер есебінен қалыптаспақ.
— Біз ең алдымен «қоғамдық өріс» мәселесін шешуге тиіспіз. Мал басы көп шаруалар төрт-түлігін ауыл сыртына жайғаны дұрыс. Бұл үшін түсіндірме жұмыстарына барынша ден қою керек. Оған қоғам бірлестіктерін де тарту қажет. Бекітілген алгоритм және жайылымдарды пайдалануды реттеудің бес бағыты бойынша жұмыстарды күшейтіңіздер,-деді Нұржан Нұржігітов.
Сондай-ақ, аймақ басшысы мал өнімдерінің өнімділігін арттыру үшін асылдандырудың, қолдан ұрықтандырудың маңыздылығын атап өтті.
Ветеринария басқармасының мәліметінше, қолдағы мал басы тұқымын асылдандыру мақсатында қосымша 8 ауданның 12 елді мекенінде 5 511 басты қолдан ұрықтандыруды жүргізу жоспарланып, осы елді мекендерде аталған басқарма мамандарының қатысуымен түсіндірме жұмыстарын жүргізу басталды және қолдан ұрықтандырушы ветеринарлар бекітілді.
Басқосу барысында егін жинау, тұрғындардың тұрмыстық табысын жақсарту пилоттық жобасының іске асу жайы қаралды.
Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ербол Жиенқұлов аймақта егін ору науқаны басталғанына екі аптадан аса уақыт өткенін, қазіргі кезде бұл жұмыстар Байзақ, Жамбыл, Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов, Сарысу, Шу аудандарында қызу жүріп жатқанын тілге тиек етті.
Бүгінде облыс бойынша 66,3 мың гектар масақты дәнді дақылдар орылған. Одан 112,3 мың тонна өнім жиналса, әр гектардан алынған өнім 16,9 ц/га құрап отыр.
Жалпы облыста биыл 370,0 мың гектар жерге дәнді масақты дақылдар егілген болатын. Оның 153,8 мың гектары бидай, 216,1 мың гектары арпа.
Облыс әкімі егін орағына жұмылдырылған 539 комбайнның аз екенін, бұл істі ширату үшін комбайнның санын арттыра түсу керектігін атап өтіп, жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Аталған басқарма басшысы «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасы аясында облыстың тағы 10 ауылдық округі айқындалып отырғанын айтты. Бұл бағытқа «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы несиелендіруге бөлінген 6 млрд. 47,5 млн. теңге қаржы қарастырылуда. Қазіргі таңда жобаның бес бағыты бойынша ауылдық округтердің есептері нақтылануда.
Нұржан Нұржігітов барлық дайындық жұмыстарын қазірден реттеп, пысықтап қою керектігін ескертті. Сондай-ақ, облыс орталығының құрамына енген, шаһар іргесіндегі мал шаруашылығына бейім тұрғын алқаптардың да жобаға ену мүмкіншілігін қарастаруды тапсырды.