Ауыл шаруашылығы – облыс экономикасының алға тартушы күші
Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің Қордай ауданына жұмыс сапары Сарыбұлақ ауылындағы “Самғау” шаруа қожалығының жұмысымен танысудан басталды.
Биыл 350 гектар алқапқа жүгері, 100 гектарға күздік бидай, 30 гектарға арпа еккен қожалық тамшылатып суару технологиясын тиімді пайдалануда. 6 бірлік техникасы бар шаруашылықта 15 адам жұмыспен қамтылған.
Алғашқылардың бірі болып егінге орақ салған қожалық басшысы Евгений Трубников әр гектарына 30 центнерден өнім алуды жоспарлап отыр. Жүгері алқабына тамшылатып суару жүйесін енгізген ол судан тапшылық көріп отырғанын жеткізді. Су мәселесі шешілсе, суармалы егістік алқабын ұлғайтпақ.
— Су мəселесі жылдан жылға қиындап барады. Көрші елден қажетті су Киров су қоймасынан босатылғанымен ол бəріне жетпейді. Сол үшін ұңғыма қазып егіс алқаптарын тамшылатып, жаңбырлатып суаруға алмастыру қажет. Сол кезде ғана ағын суға деген тəуелділіктен арылып, жерді тиімді игеруге болады. Көп шаруа қожалықтары қазір ұңғыма қазып алып су мəселесін өз беттерінше шешуде,- деді облыс əкімі.
Шаруа қожалық сұранысын ескере отырып каналдарды жөндеу, бетондау жұмыстары кезең-кезеңмен жалғасатынын айтты.
Келесі кезекте аймақ басшысы Қордай ауылы «Батыс» ықшам ауданында салынып жатқан №3,4,5,6 60 пәтерлі 5 қабатты тұрғын үйлерді көрді. Өткен жылы басталған құрылыс жұмыстары кестеге сәйкес ағымдағы жылы тамыз айында аяқталуы тиіс. Дегенмен, инжинерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тартуға қосымша қаражат қажет.
Нысандар пайдалануға берілгенде ауданда үй кезегінде тұрған 240 адамның баспана мәселесі шешілмек.
Облыс әкімі тұрғын алқаптағы бұған дейін тапсырылған көпқабатты тұрғын үйлерді тексеріп, құрылысының сапасыздығын сынға алды. Аудан әкімдігіне мердігердің жауапкершілігін қарау, кемшіліктерді реттеу бойынша тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.
Аумақты абаттандыруға қатысты да бірқатар ескертпелер білдірді.
Осы ауылдағы «EKO CHIKEN» коопертиві 12 модульді құс фермасын орнатқан десек, жыл соңына дейін тағы осындай 8 нысанды іске қоспақ. Нәтижесінде құс етін өндірудегі жалпы қуаттылық 520 тоннаға жетеді деп күтілуде. Бұл аудан тұрғындарын құс етін тұтыну көрсеткішінің 10 пайызын құрайды. Бұдан бөлек мұнда 2025 жылға дейін қосымша 20 модульді құс фермасын салу жоспарлануда. Ол кезде 76 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.
Қазіргі таңда әрбір құс фермасында 1,5 мың балапан бағылуда. Негізінен өнім Алматы қаласы мен Қордай ауданындағы сауда орталықтарында өткерілуде.
Ферма басшысы іргесіндегі бос жерге жылыжай жəне 800 басқа арналған мал бордақылау алаңын салу, сонымен бірге балық шаруашылығын қатар алып жүру жоспарының барын айтты.
Облыс әкімі ферма жұмысын оң бағалап, қажетті қолдаулар көрсетілетінін жеткізді
Аймақ басшысы «Қордай сүт өнімдері» ЖШС де болып зауыт жұмысымен танысты. Зауыт директоры Ислам Давуздың айтуынша, зауыттың жылдық қуаттылығы 800 тонна екен. Онда 40 адам жұмыс істейді. Өткен жылы 1215 тонна сүт өнімдерін өндірген.
Келесі кезекте аймақ басшысы «Нуну» шаруа қожалығының жұмысын көрді. Қожалық жетекшісі Санщи Нунудың айтуынша, шаруашылық 27 гектар алқапты игеруде. Қазір сəбіз қазып жатыр. Оның килограмын 100 теңгеден алқап басынан өткеруде. Сəбізден жалпы 35-40 тонна өнім жинаймын деп жоспарлауда.
Отбасы кəсібін жерден тауып отырған шаруа балаларын да осы кəсіпке баулуда.
— Ауыл шаруалығы өніміне деген қазір сұраныс жоғары. Сіздер сияқты еңбек адамының өнімі жерде қалмайды. Халықты азық-түлікпен қамтитын өздеріңіздей шаруаның көп болғаны жақсы. Аз жерден мол өнім жинау — үлкен жетістік, — деді Нұржан Нұржігітов.
Өңір басшысы Ауқатты ауылдық округіне қарасты Бəйтерек ауылындағы №45 негізгі, Ауқатты елдімекеніндегі №9 орта мектепте болды.
Бəйтеректегі негізгі мектеп ғимаратының тозығы жеткенін ескерген облыс әкімі оқу ордасының ғимаратын жаңадан салу мәселесі алдағы жылы шешілетінін атап өтті.
Ал Ауқатты ауылында облыс əкімін мектеп ұжымы мен ауыл тұрғындары құшақ жая қарсы алды. Осында білім алған Нұржан Нұржігітов сынып бөлмелерін аралап, сыныптастарымен кездесіп, мектептің материалдық жағдайымен танысты. LED экран арқылы шет елде тұратын ұстазы Галина Кривошееваның жылы лебізін тыңдап, сыныптастар суретін тамашалады. Аулада ауыл қарияларымен кездесіп, балалық шақтағы қызықты естелігімен бөлісті.