Жастар саясатына – кең өріс
Жастар – еліміздің қозғаушы күші. Мемлекет басшысы да әр Жолдауында жастарға зор сенім артатынын үнемі айтады. Егемендік жылдары бұл бағытта ілкімді істер қолға алынды. Жастарға арналған бағдарламалар, жобалар өмірге келіп, бүгінде жемісін беруде. Жастар саясатының дамуына облысымыздың қосып отырған үлесі баршылық. Айталық, қазіргі таңда облысымызда 258 164 жас бар, олар аймақ халқының 22,4 пайызын құрайды. Олардың 96 786-і қалада, 161 378-і ауылдық елдімекенде күн кешуде.
Облыстағы 234 970 жасқа нақты талдау жасалып, олар оқитын, жұмыс істейтін, өзін-өзі жұмыспен қамтыған секілді санаттарды құрады.
Жүргізілген талдаудың нәтижесінде барлығы 23 194 жас жұмыссыз, NEET санатындағы жас ретінде анықталып, олардың аты-жөні мен мекенжайлары белгілі болды. Алайда олардың үлесі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,2 пайыздан 7,6 пайызға төмендеген.
Бүгінде облыста NEET санатындағы жастардың электронды дерекқоры жасақталып, олармен адрестік жұмыстар жүргізілді.
NEET жастармен жүргізілетін іс-шаралар жоспары бекітіліп, нақты индикаторлық көрсеткіштер айқындалған. Жыл басынан бері 19 бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі, 56 қоғамдық тыңдау, 46 онлайн мастер-класс, 260 ақпараттық кеңес беру алаңы ұйымдастырылды. Аталған жастармен жұмыстарды жандандыру мақсатында облыстық «ZHASTAR CUP» атты футболдан облыстық чемпионат, базар жастары арасында «Дүйсенбілік футбол» сынды спорттық жобалары, ай сайын ірі сауда орындарында, базарларда, халық көп шоғырланған жерлерде, демалыс орындарында, саябақтарда «Кеңес беру алаңдары» іске асырылды.
Облыста жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендетуге және оларды әлеуметтендіруге де басымдық берілген.
Есепті кезеңде 6 469 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылып, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2022 жылдың
І тоқсанына 3,1 пайызды құрады. Оның ішінде 102 жас онлайн оқытуға жолданды. Сондай-ақ 4 410 адам ваканттық тұрақты жұмыс орындарына орналасса, 791 түлек жастар практикасына, 176 жас әлеуметтік жұмыс орындарына жіберіліп, 931 жас ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылды, 59 жас мемлекеттік грант алды.
Ағымдағы жылы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы арқылы «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі» ұлттық жоба аясында барлығы 21 838 жасты белсенді шараларға тарту жоспарланған.
Биыл «Жасыл ел» еңбек жасағына жергілікті бюджет есебінен бөлінген 95,3 миллион теңгеге 2 мыңнан аса жұмыссыз, NEET санатындағы жастарды маусымдық жұмыстарға тарту көзделуде. Бүгінгі күнге 834 жас тартылды. Жұмыстан бөлек жастардың демалысын тиімді өткізу мақсатында сарбаздар арасында спорттық ойындардан жарыстар, өнер байқаулары сияқты іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Жыл басынан бері қала және аудандарда жастар ресурстық орталықтарының бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес 11 бағыт бойынша 4 814 іс-шара өткізіліп, оған 118 977 жас қамтылған.
Ал волонтерлік жұмысты жандандыру мақсатында облыс бойынша
10 бағытты қамтыған 796 іс-шара өткізіліп, оған 10 387 жас қатысты.
Жастар арасында «Қоғамдық сақшы», «Qamqor», «Тегін такси», «Ашық диалог», «Жастар уақыты», «QAZ IQ», «Кітап сыйла», «ТазаLike», «Әкелер мектебі», «Енелер мектебі», «Келіндер клубы» сияқты жобалары да іске асырылуда
«Қаңтар оқиғасына» байланысты облыста белсенді, танымал жастардан арнайы пулдар жасақталып, шеруге шыққан жастар арасында түсіндіру және нақты ақпараттарды тарату жұмыстары жүргізілген. Оның ішінде танымал спортшылар, жастар ұйымдарының көшбасшылары, ақындар мен еріктілер болды. Одан бөлек «Әулиеата жастары» волонтерлер штабы құрылып, штабта 50 ерікті жұмыс істеді. Штаб төтенше жағдай және коменданттық сағат кезінде халыққа жүріп-тұруы бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, рейдтік шараларға қатысып, әлеуметтік осал топтағы халыққа азық-түлік таратты.
Ғылыми және шығармашылық, зиялы қауым, оқу орындарының профессор-оқытушы құрамы, үкіметтік емес жастар ұйымдарынан және белсенді студент жастардан құралған топ «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын және Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан» идеясы аясындағы тапсырмаларды түсіндіру мақсатында жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттерімен кездесулер өткізді.
Басқарма мен облыстық жастар ресурстық орталығының іс-шаралар жоспарына сәйкес «Алғыс айтамын бәріңе» атты акция, жастар көп шоғырланған орындарда түрлі тақырыптарда акустикалық кештер, «Наурыз FEST» кешенді іс-шарасы, облыстағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының, Тараз қаласы мен барлық аудандық орта мектептеріндегі пікірсайыс клуб жетекшілерінің біліктілігін арттыру курсы, облыс әкімінің жастармен кездесуі, «Ұлттың ұлы ұстазы» атты облыстық пікірсайыс турнирі, жас отбасыларға неке қию куәлігін табыстау рәсімі, «Шынның жүзі – Шераға» тақырыбында студенттер арасында облыстық пікірсайыс турнирі, «Бір шаңырақ астында» атты ұлттық тағамдар жәрмеңкесі, «Жастар жаңа Қазақстанмен бірге!» атты акция, «Мен Отанды қорғауға дайынмын!», «Әскердегі бір күн» акциялары,
VІІІ «Айбын» Республикалық әскери-патриоттық жастар жиынына қатысу үшін Жамбыл облысының әскери-патриоттық клубтар арасында іріктеу турнирінен жарыс, «Профи – 2022» облыстық байқауы, «Жастар ресурстық орталығы» қызметкерлері арасында кіші футболдан «JAMBYL CUP – 2022» облыстық турнирі, жастарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі, «Жастарға әскери-патриоттық тәрбиеберу – мемлекеттің өміршеңдігіне әсер ететін негізгі рухани тірек» тақырыбындағы ғылыми-практикалық конференция, т.б. іс-шаралар өтті.
Тұрақты түрде халық көп шоғырланған орындарда, ірі сауда орталықтарында, базарларда, саябақтарда кеңес беру алаңдарын өткізді. Сондай-ақ әлеуметтік желідегі парақшасында түрлі тақырыптар аясында онлайн кеңестер беріліп, тікелей эфирлер ұйымдастырылды.
Облыста жаңа бастама ретінде Жамбыл облысының жастарына жеңілдікпен несие беруге арналған «Әулиеата жастары» бағдарламасы іске қосылды.
Жоба өңір жастарын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету және жас отбасыларды қолдау мақсатында дайындалған.
Бағдарламаға жергілікті бюджет есебінен 500 миллион теңге бөлініп, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінде қолдау тапты. Жастарға берілетін қарыздың ең жоғары сомасы – 13 миллион теңгеге дейін, несие беру уақыты — 19 жыл. Пайыздық мөлшерлеме және бастапқы жарнасы – 5 пайыз. Облыс әкімдігі, бағдарлама әкімшісі – жастар саясаты мәселелері басқармасы және «Отбасы банк» АҚ арасында үш жақты несие шартына қол қойылды.
24 маусым – 19 шілде аралығында бағдарламаны облыс жастары арасында кең көлемде насихаттау жұмыстары жүргізілуде. Ал 20 – 30 шілде аралығында e-zhambyl.kz сайтында ЭЦП кілті арқылы өтінімдер қабылданады.
Бағдарлама әкімшісі 30 жұмыс күні ішінде келіп түскен өтінімдерді қарастырып, комиссия шешімімен оң нәтиже алған қатысушылардың жеке кабинетіне жолдама жібереді. Қатысушы берілген жолдамамен 10 жұмыс күні ішінде «Отбасы банкке» жүгінеді. Ал банк мақұлдауынан кейін қатысушы 60 күн ішінде үй іздейді.
Осылайша облысымызда жастар саясаты жүйелі жүзеге асырылып жатқанын анық аңғаруға болады.