Отанды қорғау табиғатты аялаудан басталады

0 155

Қоршаған ортаны қорғау қашанда маңызды.  Әсіресе ағаштар мен алуан түрлі өсімдіктерді егіп, оларды күтіп-баптаудың жанға сыйлайтын ләззаты ерекше.

Оқушылардың денсаулығын нығайту, еңбекке баулу және қоршаған ортаны тазарту мен көгалдандыру жұмыстарын жандандыру мақсатында Қаратай Тұрысов атындағы №53 мектеп-гимназиясында 8 және 10 сыныптар арасында көгалдандыру лагері құрылған болатын. Жуырда 8-сынып оқушылары «Жасыл Ел жеткіншектер» тобының лагерінде «Ағаш көркі −жеміс, адам көркі – жақсы іс» атты танымдық іс-шара өткізді. Шараны ұйымдастырған мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлжахан  Жаныбекованың айтуынша,   мұндай игі істің балаларға берері мол екен.

– Отанды аялаудың алғышарты қоршаған ортаны таза ұстаудан қалыптасады. Бұл баршамыздың ортақ міндетіміз. Осыны жас буынның санасына жақсылап сіңіруіміз қажет. Осы шара барысында табиғатты аялайтын, қоршаған орта тазалығы жолында барлық күш жігерін аямайтын азаматтардың тәрбиеленіп келе жатқанын байқадық. Жалпы мұнда балалар өсімдіктер мен ағаштарды күтіп-баптау арқылы табиғаттың маңыздылығы мен әдемілігін бағалауды  меңгереді, – дейді Гүлжахан Есенбекқызы.

Күллі тіршілік нәр алатын табиғатты халқымыз Анаға бекер теңемесе керек. Бүгінде экологиядан туындап отырған мәселелер бізді ғана емес дүниежүзін алаңдатып отырғаны тағы бар.  Сол үшін жасөспірімдеріміз қоршаған ортаның қадір-қасиетін жете сезінсе ұтылмасымыз анық.

Leave A Reply

Your email address will not be published.