Латын әліпбиіне көшу – заман талабы

0 164

Жазу – әрбір халықтың рухани, мәдени өсуін, даму деңгейін көрсететін әлеуметтік мәні зор құбылыс. Ол өткен мен бүгінді, бүгін мен келешекті жалғастыратын алтын көпір. Сондықтан жазу, алфавит адамзат тарихындағы құнды дүниелердің бірі ретінде ұрпақтан-ұрпаққа мирас етіп қалдыратын байлығымыз.

2021 жылдың 28 қаңтары күні Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссияның  отырысы өткізілген болатын.

Ұлттық комиссия отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 21 қазандағы латын графикасы негізінде қазақ тілі әліпбиін жетілдіру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында әліпбидің 40-тан астам нұсқасы, сондай-ақ қазақ тілінің емле ережелерінің жобалары мен пернетақтадағы әріптердің орналасу тәртібі қаралған.

Жетілдірілген әліпбиде әріп саны – 31, әрі ол  тек латын әліпбиі  базалық жүйесі таңбаларынан құралған.  Бұл әліпбиде қазақ тілінің  28 дыбысы толық қамтылған.

Қазіргі ә(ä), ө(ö), ү(ü), ұ(ū) және ғ(ğ), ш(ş) қазақ әріптері диакритикалық таңбалармен берілген. Әліпбиде халықаралық тәжірибеде қолданыста бар умляут (  ̈ ), макрон ( ˉ ), седиль ( ̧), бревис ( ̌ ) диакритикалық таңбалары қолданылған.
Әліпби қазақ тілінің жазу дәстүрінде орныққан «бір дыбыс – бір әріп» принципіне толық сәйкес келеді. Жаңа әліпбиге кезең-кезеңімен көшу 2023 жылдан бастап 2031 жыл аралығында жоспарлануда.
Комиссия отырысында  Үкімет басшысы латын графикасы негізіндегі қазақ тілі әліпбиін жетілдіру бойынша халық арасында кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Бөлім тарапынан латын  графикасына негізделген жетілдірілген қазақ әліпбиін насихаттау мақсатында 2021 жылы әр аптаның сенбі күндері қала тұрғындары арасында «Латын әліпбиі – Тәуелсіздіктің жаңа белесі» атты акциясы, «Тегімізді дұрыс жаза білейік!» атты латын графикасында тегі мен атын дұрыс жазу акциясы  (көз, құлақ дағдысын қалыптастыру үшін), «Латын әліпбиіне көшу – заман талабы» атты семинар, «Латын әліпбиі – өркениет жолы» атты қазақ тілінің латын графикасы негізіндегі жетілдірілген жаңа әліпбиімен бір уақытта жаппай диктант жазу іс-шарасы, «Латынша оқып үйренейік!» атты жетілдірілген жаңа әліпбиінде жылдам әрі сауатты оқудан мемлекеттік қызметшілер арасында байқау өткізілген.

2022 жылы ай сайын  жаңа қазақ әліпбиінің жетілдірілген жобасын халық арасында жан-жақты түсіндіру, жаңа әліпбиге бейімдеу, насихаттау, диарктикалық таңбалармен таныстыру және мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру мақсатында қала тұрғындары арасында «Латын әліпбиіне көшу-уақыт талабы» атты акциясы өткізілуде.

Акцияға қала тұрғындары қатысып, жетілдірілген жаңа әліпбимен танысып, ерекшеліктері туралы мәлімет алуда.

2022 жылдың 31 наурызы күні Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай «Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы» атты эссе жазу іс-шарасы өткізілді. Шараға  Тараз әкімдігіне қарасты бөлімдердегі мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік мекеме қызметкерлері, жоғары және арнаулы орта оқу орын студенттері мен мектеп оқушылары қатысты.

Латын қарпінде жазу дағдыларын қалыптастыру мақсатында 2022 жылдың   28 сәуірі күні бір мезгілде «Ахмет Байтұрсынұлы — қазақ тіл білімінің атасы» атты жаппай диктант  жазу акциясы ұйымдастырылды. Бұған да қала әкімдігіне қарасты мекеме қызметкерлері, жоғары және арнаулы орта оқу орын студенттері, мектеп оқушылары қатысты.

Жаңа әліпби нақты бекітілген соң тілдерді дамыту басқармасымен бірлесіп дағдыландыру, оқыту жұмыстары қолға алынатын болады. 2021 жыл бойынша қазақ тілінің латыннегізді әліпбиіне көшу мақсатында  42 іс-шара өткізіліп, 18425 адам қамтылды. Ал  2022 жылдың 5 айы бойынша 13 іс-шара өткізіліп,17593  адам қатысты.

Өзіндік ұлттық ерекшеліктерімен, ұлттық салт – дәстүрлерімен, ұлттық мәдениетімен, тарихымен алпауыт елдердің қатарында жүрген Ұлы еліміздің болашағы өз әліпбиімен жарқын бола түспек. Қазақ әліпбиінің атасы, ұлтымыздың біртуар перзенті сөз шебері атанған Ахмет  Байтұрсынұлының сөзімен айтқанда: «Ел бүгіншіл, менікі – ертең үшін» дегендей, бүгінгі таңдағы жүзеге асырылып жатқан дүниенің бәрі тек бүгінгі күн үшін емес, болашақ ұрпақ үшін жасалып жатқан игілік.

Leave A Reply

Your email address will not be published.