Тілсіз жаумен күрес қарқынды жүргізілуде

0 142

Апаттың айтып келмейтіні белгілі. Сондықтан қашанда сақадай сай болып, әзірлікті пысықтау аса маңызды. Бұл тұрғыда төтенше жағдайлар басқармасының қызметі айрықша маңызға ие. Олар қала тұрғындарының өмірі мен қауіпсіздігі үшін бар күштерін салуда.

Әсіресе өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты назарға алынған. Бұдан бөлек, Тараз қаласының аумағында жер сілкінісі, қауіпті гидрологиялық, метерологиялық құбылыс, өнеркәсіптік апаттар орын алып тұрады. Өткен жылы шаһарда 42 өрт оқиғасы тіркеліп, салдарынан 1 адам күйік жарақатын алған. Апаттан келген материалдық шығын көлемі 6 миллион 830 мың теңгені құраған. Алайда былтырмен салыстырғанда өрт саны 30 пайызға азайғанын да ерекше атап өткен жөн.

Жалпы өрт көбінесе электр тоқ сымдарының қысқа тұйықталуынан, тұрмыстық электр құралдарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу, тұрғындардың отпен абайсыз болуынан және мас күйінде темекі шегу, қасақана от қоюдан, пештерді орнату және пайдалану кезіндегі өрт қауіпсіздік ережелерінің бұзылуы, балалардың отпен ойнауы салдарынан туындап жатады. Мәселен, өрт талаптарын сақтамаған жеке және заңды тұлғаларға 25 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 61 мың 260 тенге айыппұл салынып, 23 ескерту түрінде әкімшілік шара қолданылған. Сондай-ақ басқарма қызметкерлері 103 шаруашылық субъектісіне өрт-техникалық тексеру жүргізген. Оның ішінде 52-і жоспардан тыс, 51-і ерекше тәртіп бойынша тексеріс. Соның нәтижесінде әкімшілік жауапкершілікке 73 лауазымды, жеке және заңды тұлғалар тартылып, 581 мың 970 тенгені құрайтын 18 ақшалай айыппұл салынса, 55-іне ескерту берілген. Ал ауданаралық әкімшілік сотқа 1 әкімшілік іс жолданып, нәтижесінде 214 410 теңге айыппұл өндірілген.

Осы жылдың 1-тоқсанында азаматтық қорғаныс саласындағы бақылау субъектісіне бару арқылы профилактикалық тізімге жоспар бойынша 8 субъекті енгізіліп отыр. Оның 7-і азаматтық қорғаныс саласындағы санатталған объектілер болса, 1-і  жергілікті атқарушы органның қызметі. Алғашқы жетеуіне анықталған кемшіліктерді жою бойынша ұйғарымдама берілсе, басқарма тарапынан 1 объектіге көрсетілген кемшіліктерді жоймағаны үшін сот шешіміне сәйкес заңды тұлғаға 1 020 950 теңге көлемінде айыппұл салынған.

Бүгінде қала аумағындағы су айдындарында адамдардың қауіпсіздік шараларын сақтау жөніндегі үгіт-насихат жұмыстары 2021 жылдың 1 қарашасынан басталып, ағымдағы жылдың 1 сәуіріне дейін жүргізілді. Нәтижесінде 27 рейд ұйымдастырылып, 350 жадынама таратылды. Бұдан бөлек, 11 теле-радио арналарында сұхбат беріліп, 17 мақала ресми парақшалар мен газет-журналдарда жарық көрді. Сонымен қатар өрт қауіпсіздігі және қысқы жылыту маусымы кезінде улы газбен улану оқиғаларының алдын алу мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарында 475 материал жарияланған. Тұрғындармен жылыту маусымында тұрмыстағы өрт қауіпсіздігін сақтау тақырыптарында 141 жиын мен кездесулер өткізіліп, жадынамалар мен ескертпелер таратылған. Сонымен қоса вебинарлар, байқаулар, флешмобтар да ұдайы өткізіліп тұрады. Әрине, мұның барлығы тараздықтардың қауіпсіздігі үшін жасалып отырған кешенді шаралардың бір бөлігі.

Басқармамен атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2022 жылдың 1-тоқсанында қала аумағында өрт саны өткен кезеңмен салыстырғанда 30 пайызға төмендесе, өрт салдарынан қаза болу оқиғасы тіркелмеген. Сондай-ақ қала аумағында су тасу оқиғалары орын алған жоқ.

Алда тұрған жоспар да жетерлік. Атап айтсақ, аумақтық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссиясының және эвакуациялық комиссиясының жұмыс жоспарына сәйкес ағымдағы жылдың 1-ші жартыжылдығында қала аумағында орналасқан объектілерде тексеріс жүргізу, келіп түскен заңды және жеке тұлғалардың өтініштеріне заң талаптарына сәйкес уақытылы жауап беру, тұрғындармен үгіт-насихат жұмыстарын жандандыру және профилактикалық жұмыстарды күшейту, өрттің алдын алу және шомылу маусымын қауіпсіз өткізу бойынша тиісті жұмыстар ұйымдастыру, сыбайлас жемқорлық, құқық бұзушылық фактілерінің алдын алу, болдырмау бағытындағы іс-шараларды ұйымдастыру көзделген.

Төтенше жағдайларды бақылау органдарының аталған бағытта атқарып жатқан жұмыстары тек бұлармен шектелмейді. Сол үшін әрбір адам қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңыздылығы қаншалықты зор екендігін түсінбейінше, келер қауіп сейілмейді. Себебі мұндай жайттардың бірден бір себебі – адам факторы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.