Енді ата-аналар оқушылардың мектеп формасын өздері таңдай алады
Ата-аналар мектеп формасын тігіп беретін кез-келген киім фабрикасын таңдай алады.
Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрағасының орынбасары Жомарт Қарамбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Экспресс К.
Мектеп әкімшілігі болсын, директор болсын, облыстық басқарма немесе аудандық білім бөлімі болсын мектеп формасын белгілі бір жеткізушілерден алуға мәжбүрлей алмайды.
Ата-аналар кез-келген киім жеткізушісін таңдай алады, бастысы ол талаптарға сай болуы қажет. Егер мектеп формасын алдын-ала сатып алсаңыз, ештеңе етпейді. Оны киме деп ешкім тыйым сала алмайды, жаңа түсті басқа форма сатып алуға міндеттеуге құқы жоқ,
— деді Жомарт Қарамбаев.
Оның айтуынша, ата-аналар өздеріне ұнайтын форманы да, оны тігіп беретін компанияны да өздері таңдай алады. Бірақ мектеп формасының түсі туралы түпкілікті шешімді әр мектепте бар ата-аналар қауымдастығы, қамқоршылық кеңесі және ата-аналар комитеттері қабылдайды. Мемлекеттік органдар тек мектеп формасының бірыңғай түсі туралы ұсыныс бере алады.
Бұған дейін Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов кейбір мектеп директорларының жұмысын сынға алғаны туралы айта кетейік.