«Қауіпсіздігімізге тікелей әсер етеді»: Тоқаев Қазақстан атауын өзгерту туралы ойын айтты
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өтетін Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы басталды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Жиында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы елдің атауын өзгертуді және «стан» жалғауынан құтылуды ұсынғандарға жауап берді. Тоқаев республиканың атын өзгертілмейтінін айтты.
«Біз екінші республика құра бастадық. Алайда біздің кейбір азаматтарымыз референдум кезінде мемлекеттің атауын өзгерту керек деп ұсыныс айтты. Олар Қазақстан атауындағы «стан» жалғауын біздің елімізге және бүкіл Азияға жат деп санайды. Бірақ олай емес, әлемде Пәкістан, Ауғанстан, Үндістан секілді елдер бар, онымен қоса Орталық Азия елдері бар», — деді Тоқаев.
Ол 30 жыл ішінде Қазақстан тәуелсіз ел ретінде көптеген халықаралық шарттарға қол қойғанын атап өтті.
«Біз мемлекеттік шекарамызды орнаттық. Бұл жағдайда мемлекет атауын өзгерту жауапсыз шешім болар еді. Біріншіден, бұл біздің ұлттық қауіпсіздігімізге және халқымыздың бейбіт өміріне тікелей әсер ететін білейік», — деп атап өтті Қазақстан басшысы.
Айта кетейік, бүгін Президент жаңадан құрылған Ұлытау облысына жұмыс сапарымен келген болатын. Кеше Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтай құру туралы жарлығы жарияланды.
Ұлттық құрылтайдың қазіргі құрамында Мәжіліс депутаттары мен ҚХА мүшелерінен, азаматтық қоғам мен саяси партия өкілдерінен, сарапшылар мен өңірлердегі қоғамдық кеңес мүшелерінен, кәсіпкерлерден жасақталған 117 адам бар.
Солардың бір парасын атасақ, ақын Мұхтар Шаханов, қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров, академик Асқар Жұмаділдаев, экономист Жақсыбек Күлекеев, саясаткер Әлихан Бәйменов, журналист, медиа-менеджер, қоғам қайраткері Ермұрат Бәпи, Парламенттің бірнеше шақырылымының депутаты Нұртай Сабильянов, балуан Дәулет Тұрлыханов, ғалым-биотехнолог Күнсұлу Закария, дінтанушы Қайрат Жолдыбай, ғалым Анар Фазылжанова сияқты есімдер бар.