«Оларды халық қаһарманы етудің қажеті жоқ»: Тоқаев қаңтар құрбандары туралы айтты

0 551

Қазақстан президенті Ресейдің «Россия 24» арнасына сұхбат берді. Сұхбат барысында президент қаңтар оқиғаларына тоқталып өтті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
«Бұл шындығында мемлекеттік төңкеріс болды. Қазіргі таңда тергеу жұмыстары әлі де жүргізіліп жатыр. Айта кетерлігі, бұл қақтығыстарды ұйымдастырушылар өте кәсіби түрде жұмыс істеген. Әсіресе Алматы қаласы үлкен жапа шекті. Олар бейбіт адамдарды өлтіріп, билік өкілдеріне шабуыл жасады. Сондықтан оларды халық қаһарманы етудің қажеті жоқ», – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысының сөзінше, бұл үлкен масштабды оқиға болғандықтан тергеу жұмыстары ұзаққа созылады.
«Менің әсіресе жас сарбаздарға жаным ашиды. Оларды өлгенше соққыға жығып, жалаңаш денесімен тірі қалқан ретінде пайдаланған. Енді елімізде мұндай оқиғалар қайталанбауы керек», –  деді президент.
Қасіретті қаңтар оқиғалары
Еліміздегі қайғылы оқиғалар 2022 жылдың қаңтар айында орын алды. Барлығы сұйытылған газ бағасының екі есе қымбаттауына қарсы жаппай наразылықтан кейін басталды. 2 қаңтарда еліміздің батысындағы Жаңаөзен қаласында басталған митингтер кейін Ақтау, Атырау және Қазақстанның басқа да қалаларында жалғасын тапты.
Алайда бейбіт шерулер кейін жаппай тәртіпсіздіктерге ұласып кетті. Қақтығыстан әсіресе Алматы қаласы қатты зиян көрді. Қаңтардың 5-і күні қарулы қарақшылар тобы қала орталығын қиратып, қала әкімшілігінің ғимараттары мен жақын маңдағы президент резиденциясын өртеп жіберді.
Полиция ғимараттарына, ҰҚК және басқа да әскери нысандарға шабуыл жасалды.
Сондай-ақ Талдықорған, Шымкент, Қызылорда, Тараз қалалары да зардап шекті.
Осы оқиғалардан кейін Қазақстан билігі бүкіл елде төтенше жағдай енгізіп, лаңкестікке қарсы операция басталғанын хабарлады.
5 қаңтар күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметті отставкаға жіберіп, Қауіпсіздік кеңесін басқарды. Ол лаңкестермен күресу үшін ҰҚШҰ-дан көмек сұрауға шешім қабылдады.
ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі елдегі жағдайды қалыпқа келтіру үшін Қазақстанға ұжымдық бітімгершілік күштерін жіберу туралы шешімге келді. Барлығы 2300-дей бітімгер әскерилер келді. 13 қаңтарда ҰҚШҰ миссиясының сәтті аяқталғаны туралы хабарланды. Қазіргі таңда бітімгерлердің барлығы Қазақстаннан шығып кетті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.