«Әкесінің бейітін құлатты» Белгілі ақын Бекболат пен Мұхамеджан туралы ел білмейтін шындықты айтты
Белгілі ақын Светқали Нұржан еліміздегі діни ахуал мен түрлі ағымдарға қатысты пікірін білдірді. Тіпті Бекболат Тілеуханов пен Мұхамеджан Тазабекке ерекше тоқталды.
Сонымен қатар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халық білуі тиіс жалғыз сырын да айтып берді, деп хабарлайды Экспресс К.
Қоғам қайраткері, ақын Светқали Нұржан өзінің ашық ойларын «Сұрауы бар» бағдарламасында айтты. Онда Бекболат Тілеуханның жолдан адасып, өз әкесінің бейітін құлатқанына тоқталған.
«16 жыл бұрын «Ай көрдім, аман көрдім» деген памфлет жаздым. Ол Тілеуханов туралы. Бекболаттың ол кезде кемеліне келіп, Атасудағы әкесінің бейітін құлатып жүрген кезі еді. Шынын айтайын, қазақ Бекболатты да, Тазабековті де биікке көтерді. Тіпті үлкен ағаларымызға дейін оң пікірлерін білдірді. Әбіш Кекілбаев «Жырау» деген толғауын арнады, Қадыр Мырзалиев, Шыңғыс Айтматов жақсы сөздерін жазды. Бірақ ол Алланың алтын тағы халық алақанын тастап, жат идеологияның сойылын соқты. Ең соңында тауһид деді. Тауфиқ таппасаң сол тауһид жолында кетесің. Туған топырағың, туған Отаның жат болады», — дейді ақын.
Сонымен қатар, ол Мұхамеджан Тазабекті де ұлттың рухани құндылықтарынан тамыр үзген азамат деп сыбап алды.
«Қазақтың азаматы «Түркістан — ширкстан» деген айтыс өткізбейді ғой? 2011 жылы Қазақ Ұлттық Университетінің жастар сарайында айтыс өткізді. Қайрат Сатыбалды бастаған топ айтыскерлерді қайта-қайта умра, қажылыққа сүйреп жүріп миларын улап алып келді. Сонда Түркістанның мың жарым ардагері Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жазды ғой. Мынаны тоқтатыңыз, не масқара мынау деп. Оған бір ауыз биліктің тарапынан жауап берілген жоқ. Енді келіп бөпелерін ойлап қалыпты. Мұны ертерек ойлау керек. Жаттың қармағын жұтпай тұрып ойлау керек еді», — дейді Светқали Нұржан.
Бағдарлама соңында қоғам қайраткері Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың халық білуі тиіс сырын жайып салды. Ол сырды ақынға Мемлекет басшысының жанындағы сенімді серіктерінің бірі айтқан екен. Бірақ Светқали Нұржан бұл әңгімені жасырып қала алмайтынын, елге жеткізу парыз екеніне тоқталып отыр.
«Маған келешектің атақ-даңқы, бүгінгі отырған тақтың дәрежесі керек емес. Ертең кім болып қаламын маған ол жағы қызық емес. Маған осы мемлекетті мемлекетке ұқсатып қазақтың бір азаматына тапсырып кетсем — жалғыз қайғым сол» деп Президент қасындағы өте бір жақын азаматқа сыр қылып айтқан. Ал ол маған оны сыр қылып жеткізді. Мен енді осыны қазақ деген халыққа айтқым келеді. Себебі халық білуі керек. Адал Президенті бар екенін түсінуі керек. Ондай қайғысы бар азамат дұрыс шешім шығарады. Қателігі болса уақыт жөндейді», — деп қорытындылайды ол сөзін.