Референдум Қазақстанның болашағын айқындайды

0 433

Бүгін «AMANAT» партиясы жанынан құрылған жалпыхалықтық референдумды қолдау жөніндегі штабтың мүшесі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мейрамбек Төлепберген Жуалы ауданында болып, бірқатар мекеме өкілдерімен және ауыл тұрғындарымен кездесті. Кездесулер барысында республикалық штаб мүшесі Конституциялық реформалардың мән-маңызын түсіндірді.

Ауданға арнайы ат басын бұрғын халық қалаулысы алдымен Қарасаз ауылдық округінде орналасқан «Жуалы» колледжінің ұжымымен жүздесті. Шарада Мейрамбек Мылтықбайұлы Конституцияға енгізілетін саяси өзгерістер туралы әңгімелеп, оның өз кезегінде халықтың тұрмыс-тіршілігіне тигізер оң әсерлері туралы да кеңінен ой толғады.

Жалпыхалықтық референдумның өтуіне ең бірінші Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамашы болғанын баса айтуға тиіспіз. Ата Заңға, дәлірек айтқанда, Қазақстан Республикасының Конституциясын қабылдауға байланысты жалпыхалықтық референдумның 1995 жылы өткізілгенін ескерсек, содан бергі аралықта елімізде мұндай үлкен саяси өзгеріс болған жоқ. Сол тұста қабылданған Ата Заңдағы бірнеше баптарды жаңа заманға сай жаңарту, оны тиісінше, халықтың мүддесіне, оның күнделікті тыныс-тіршілігін, тұрмыстық табысын көтеруге лайықтап өзгерту мәселесі заман талабынан туындап отырғанын халық өкілдері жан-жүрегімен сезініп отыр. Өйткені, еліміз әділетті қоғам құрмай, мемлекет те тиісінше, халықтың мұң-мұқтажына уақтылы құлақ аспай, оған жақын болмайынша, біз алға басып, даму жолына түсе алмайтынымыз анық. Жалпыхалықтық референдумды да өткізудегі басты мақсат осы. Конституцияның жаңарған нұсқасында Мемлекет басшысының жақын туыстарына саяси лауазым иеленуге және квазимемлекеттік секторда басшылық қызмет атқаруға тыйым салынады. Сондай-ақ құқық қорғау саласы бойынша маңызды өзгерістер енгізіледі. Атап айтсақ, Конституциялық сот құрылады. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің, яғни омбудсменнің мәртебесі Ата заңмен айқындалады.

Елімізде өлім жазасы мүлде жойылады. Мұның бәрі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін жасалып жатыр, – деді Мейрамбек Мылтықбайұлы.

Сондай-ақ халық қалаулысы аудандағы шаруа қожалықтары және ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен, ветеринария саласының мамандарымен, зиялы қауым өкілдерімен және Қарасаз ауылы тұрғындарымен кездесті. Кездесулерде депутат Халық қалаулысы алдағы референдум – Қазақстанның болашағын айқындайтынын тілге тиек етіп, бұл – пафосты бөспе сөз емес екендігін жеткізді. Сондай-ақ егер конституциялық реформа қабылданса, онда саяси жүйемізде айтарлықтай өзгерістер жасалатынын баса айтты. Ол өзгерістер қоғамды ашық етуге бағытталады деген Мейрамбек Мылтықбайұлы енді осы өзгерісті Парламент депутаттары өздері дауыс беріп, бекіте алмайтынын ашық жеткізді. Ол үшін халықтың қолдауы қажет деген депутат әрбір азаматымыз 5 маусымда дауыс беріп, осы тарихи бетбұрысты жасауға өз үлесін қоса алатынын жеткізді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.