Көне Тараз: ежелгі шаһар тарихы қалай зерттелді?

0 600

Тағылымды тарихы мен өрелі мәдениеті ерте кезеңдерден-ақ талайлардың таңдайын қақтырып, тамсандырған Тараз қаласының тарихы әрқайсысымызды бейжай қалдырмасы белгілі. Қойнауы құт, жері дархан бұл өлкенің өзіндік ерекшелігі мен тарихы туралы талай ғалымдар тер төгіп, жыршылар мен ақындар өз шығармаларына арқау етті.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Тұтас жұртыңды, исі алашыңды ардақтау ең алдымен өзіңнің тұрған өлкеңнің тарихын, табиғатын танудан, адамдарын құрметтеуден басталады», – деп рухани құндылыққа үндесе, «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған деді.
Бағдарлама неге «Туған жер» деп аталады? Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де, жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды.
Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі», – деген жалынды сөздерінен кейін «Туған жер» бағдарламасы аясында көптеген игілікті істер атқарылуда.
Жалпы алғанда, біздің өлкеміздің қилы тарихы сонау алғашқы қауымдық құрылыс кезінен, яғни палеолиттің шелль кезеңінің соңғы дәуіріне жататын Бөріқазған, Тәңірқазған тұрақтарынан бастау алып, жалғасын тауып келеді.
Қазіргі кезде көптеген отандық және шетелдік саяхатшылар мен туристердің қызығушылығын туғызып отырған көне Тараз қалашығын 1867 жылы Ресей шығыстанушысы және археологы П.И.Лерх зерттесе, 1893-1894 жылдары саналы ғұмырын Талас аумағындағы көне ескерткіштерді зерттеген В.В.Бартольдтің қызметі ерекше болғандығын жоққа шығара алмаймыз.
Тараз қалажұртынан бөлек, оның 1894 жылғы Талас пен Шу өлкесі, Түймекент пен ежелгі Құлан, Ақыртас кешені туралы сипаттамалары тарихи дереккөздердің қайнар бұлағы іспеттес.
Тараз қалашығының орнына ең алғаш 1925 және 1927 жылдары қазба жұмыстарын жүргізген М.Е.Массон, Талас өзенінің жоғарғы ағысындағы түркілер дәуіріне тән руналық жазбалардың ерекшелігі мен тарихына да терең үңілгендігін байқауымызға болады.
Ұлы Отан соғысының алдында А.Н.Бернштамның басшылығымен ұйымдастырылған КСРО Ғылым академиясы жүргізген іргелі жұмыстардың нәтижесінде ежелгі Тараз және оның аумағында орналасқан ежелгі қалашықтарға байланысты тың деректер ғылыми айналымға енгізілді.
А.Н.Бернштамның ежелгі Құлан аумағындағы Үйсін мемлекетіне тән қоныс орындарына, Берікқара және Кеңкөл обаларына жүргізген қазба жұмыстары, тарихымызбен қатар ежелгі адамдардың діни түсініктерінен, жерлеу рәсімдерінен терең мағлұмат берген.
1960 жылдардағы ғылым мен өнердің, мәдениеттің жаңа қарқынмен дамуына байланысты, тарихы терең оңтүстік өңірдің ежелгі архитектуралық ерекшеліктерін зерттеуді Қазақ КСР Министрлер кеңесі жанынан құрылған Архитектура істері бойынша басқармасы ұйымдастырған экспедиция барысында Жамбыл облысының сәулет ескерткіштері зерттеліп, зерделенді.
Сөз жоқ, Тараз маңындағы қалалар мен олардың орналасу ерекшеліктеріне, діни түсініктері мен мәдениетіне, салт-дәстүрлеріне белгілі ғалымдарымыз М.К.Қадырбаев, Х.А.Алпысбаев, К.М.Байпақов, У.Х.Шәлекенов бастаған археологиялық экспедициялар қомақты үлес қосты.
Елбасының Жарлығымен бекітілген 2004 жылғы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарлама аясында көне Тараз қаласы мен оның айналасындағы Бектөбе, Тамды, Баркуаб секілді қалалардың орындары ашылып, тарихымызға жаңа беттер қосылуда. Бұл жұмыстар әлі де жалғасын табады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.