Конституцияға қандай өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі?

0 503

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 5 маусымда республикалық референдум өткізу туралы жарлыққа қол қойды. Жарлыққа сәйкес 6 мамырда Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы көпшілік назарына ұсынылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

«Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңының жобасына сәйкес, Ата заңдағы «Конституциялық кеңес» сөзі «Конституциялық Сот» сөзімен ауыстырлған. Сонымен қатар 1995 жылы қабылдған заңдағы 6-баптың үшінші тармағына мынадай өзгеріс енгізілді:

«3. Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады. Жер, сондай-ақ заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жеке меншікте де болуы мүмкін».

Сондай-ақ Конституциядан өлім жаза толығымен алынып тасталды. Бұдан бөлек, 23-баптың 2-тармағына келесідей өзгеріс енгізілген:

«2. Республика Конституциялық Сотының, Жоғарғы Сотының және өзге де соттарының төрағалары мен
судьялары, Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатасының төрағалары мен мүшелері, әскери қызметшілер, ұлттық қауіпсіздік органдарының, құқық қорғау органдарының қызметкерлері саяси партияларда, кәсіптік одақтарда болмауға, қандай да бір саяси партияны қолдап сөйлемеуге тиіс».

Президент туралы бөлімдегі Тұңғыш президенттің екі реттен артық сайлауға түсе алуы туралы бөлік алынып тасталған. Ал 43-бап келесідей тармақтармен толықтырылған:

«3. Қазақстан Республикасының Президенті өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде саяси партияда болмауға тиіс.

4. Қазақстан Республикасы Президентінің жақын туыстары мемлекеттік саяси қызметшілердің, квазимемлекеттік сектор субъектілері басшыларының қызметтерін атқаруға хақысы жоқ».

Ата Заңнан 44-бап 2-тармақшадағы «Парламент Сенаты» сөзі «Парламент» сөзімен ауыстырылған. Сонымен қатар 50-бап 2-тармақша да өзгертілген. Мұнда Сенаттың он депутатын, оның ішінде бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысы бойынша Республика Президентінің тағайындайтыны жазылған.

Конституциядағы өзгерістер мен толықтырулар туралы Заң жобасынан Тұңғыш Президентінің мәртебесі мен өкілеттігі Республика Конституциясымен және конституциялық заңмен айқындалатыны туралы (46-бап, 4-тармақ) тармақ алынып тасталған.

Сонымен қатар заң қабылдау ережесіне де өзгерістер енгізілген. Яғни Парламент Палаталарының бөлек отырысында мәселе әуелі Мәжілісте, кейін Сенатта өз кезегімен қарау арқылы заңдар қабылдайды. Сенатқа заңды қарауға 60 күн беріледі. Сенат депутаттары бұл аралықта тиісті шешім қабылдамаған жағдайда, заң президенттің қол қоюына беріледі.

«Соттар және сот төрелігі» деп аталатын VII бөлім «Соттар және сот төрелiгi. Прокуратура. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл» деп толықтырылған.

Сондай-ақ жаңа өзгерістерге сәйкес әкімдердің шешімі мен өкімдерін президент жоя алмайды. Мұны тек Үкімет не жоғары тұрған әкім жоюы мүмкін, сондай-ақ олардың күші сот тәртібімен жойылуы мүмкін.

Ал 91-баптағы Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы іргесін қалаған Республика қызметінің түбегейлі принциптері және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мәртебесі өзгермейді» деген бөлім толығымен алынып, келесідей болып өзгерген:

«2. Конституцияда белгiленген мемлекеттiң тәуелсіздігі, Республиканың бiртұтастығы мен аумақтық тұтастығы, оны басқару нысаны, Республика қызметінің түбегейлі принциптері өзгермейді».

Айта кетейік, бұған дейін Орталық сайлау комиссиясы 5 маусымда өтетін республикалық референдум комиссияларының қызметі туралы қаулы қабылдаған еді. 

Leave A Reply

Your email address will not be published.