Молдова соғысқа шақ қалды ма? Бірқатар елдер өз азаматтарын Приднестровьеден кетуге шақырды
Бес ел өз азаматтарын Приднестровье деп аталатын аумақтан мүмкіндігінше тезірек кетуге шақырды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Болгария сыртқы істер министрлігі Молдова аумағында болу қауіпті болып жатқанын айтты.
«Молдова Республикасындағы және оның айналасындағы күрделі жағдайды ескере отырып, отандастарымызды бұл елге кез-келген сапарға барудан аулақ болуға шақырамыз. Молдова Республикасының аумағында жүрген болгар азаматтарына қазіргі уақытта қолжетімді көлік құралдарымен елден кету бойынша шаралар қабылдауды ұсынамыз», – делінген ведомство сайтындағы хабарламада.
Израильдің Молдовадағы елшісі Джоэль Лион да осындай үндеу жасады. Ол СІМ-нің аймақтағы Израиль азаматтарына көмек көрсету мүмкіндіктері шектеулі екенін атап өтті.
«Қауіпсіздік жағдайының нашарлауына байланысты Израиль азаматтарына Приднестровьеден мүмкіндігінше тезірек кетуге кеңес беріледі. Сонымен қатар, СІМ жақын арада Приднестровьеге келуді жоспарлап отырған Израиль азаматтарын осы уақытқа сапарды бармауға шақырады», – деп жазды ол Twitter-де.
Канада, АҚШ және Германия да азаматтарына Приднестровьеге саяхаттауды доғара тұру қажеттігін айтты. Барлығының себебі бірдей – қауіпсіздік жағдайының нашарлауы.
Бұған дейін Украинаның аумақтық қорғаныс күштері мен әскери күштері Приднестровьемен мемлекеттік шекараны қорғауды күшейтті.
Сонымен қатар, Молдова президенті Майя Санду Приднестровьедегі оқиғаларға байланысты жоғары Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысын өткізді.