Ресейдегі Ural мотоциклінің өндірісі Қазақстанға көшіріледі

0 1 394

Ural мотоциклінің өндірісі Қазақстанға көшіріледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ural Motorcycles компаниясы баспасөз қызметінің мәліметінше, Ресейде «Урал» мотоциклінің өндірісі тоқтайды. Өндіріс Қазақстанға көшіріледі.

«Биыл 7 наурызда Ресейдің Ирбит қаласында бөлшектерді жеткізу мүмкін болмағандықтан және Ресейден дайын жабдықты импорттауға тыйым салынғандықтан мотоциклдерді құрастыру тоқтатылды. Енді Ural мотоциклі Петропавл қаласында құрастырылады», – деп жазылған хабарламада.

Сондай-ақ Ural Motorcycles негізгі басқарушы құрамы да Қазақстанға көшеді. Оған Ресейге қарсы санкциялардың салдарынан зауытқа қажетті бөлшектерді жеткізудің қиындап кеткені және импортқа тыйым салынғаны себеп болып отыр.

Ресейлік Ural Motorcycles зауытының Петропавлға ауысатынына қатысты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев түсініктеме берді.

«Қазақстандықтарға бизнесті дамыту тұрғысынан өз мүмкіндіктеріне сенгеніне үлкен алғыс айтқым келеді. Бізде күн сайын жобалар пулы өсіп жатыр. Басқа елдер, соның ішінде Ресей де бар. Біз Қазақстанда өз өндірісін ашуға дайын барлық кәсіпорынды қабылдауға дайынбыз. Өйткені бұл жаңа жұмыс орындары, қосымша салық, құзыреттер. Қазір «Урал» зауыты «ҚазТехМашпен» келіссөз жүргізіп жатыр. Білуімше, алаңды жалға алу келісімшартын да бекітіп қойды», — деді Өскенбаев үкімет кулуарында.

Айта кетейік, Ural мотоциклдерінің басым бөлігі батыс елдеріне, оның ішінде АҚШ-қа да экспортталатын.

Leave A Reply

Your email address will not be published.