Назарбаевқа қауіпсіздік, мемлекеттік құрылыс, ішкі және сыртқы саясат бойынша нұсқау жасауға құқық берілді

0 4 655

Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік органдарға, лауазымды адамдарға, Қазақстан халқына еліміздің қауіпсіздігі, мемлекеттік құрылыс, ішкі және сыртқы саясат мәселелері бойынша бастамалармен жүгінуге құқылы. Orda.kz редакциясы Қазақстанның тұңғыш президентіне қатысты енгізілген жаңа түзетулерді қарап шықты.

11 сәуірде премьер-министр Әлихан Смайылов «ҚР Үкіметінің Регламенті туралы» қаулыға енгізілген өзгерістерді мақұлдады. Енгізілген өзгерістер нормативтік құқықтық актілердің ақпараттық-құқықтық жүйесі сайтында жарияланды. Алайда, Қазақстанның тұңғыш президентінің тапсырмаларының орындалуын бақылаудан алу туралы 142-тармақша өзгеріссіз қалды.

Елбасының өкілеттіктері

Тұңғыш президент туралы тармақша 2019 жылы ол мемлекет басшысы қызметінен кеткеннен кейін алты ай өткен соң енгізілген болатын. Ол кезде Елбасы Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы және Қазақстан халқы Ассамблеясының басшысы болған. Назарбаев еліміздің қауіпсіздігі мен қорғанысын және қоғамдық келісімді қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясат туралы нұсқаулар беруге құқылы болды.

«Орындау мерзімдерін өзгерту туралы шешімді бақылаудан алу не қабылдау ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының, оның ішінде оның қатысуымен өткен кеңестердің хаттамаларында көрсетілген тапсырмалары бойынша жүзеге асырылады» делінген қаулыда.

Orda.kz редакциясы түсініктеме алу үшін заңгерлерге жүгінді. Алайда олардың басым бөлігі ҚР «Құқықтық актілер туралы» Заңының 60-бабына сілтеме жасап, тілшінің сауалдарына жауап беруден бас тартты.

Артынша редакция Әділет министрлігіне осы түзетулерге қатысты толық ақпаратты алу үшін сауал жолдады. Министрлік Orda.kz редакциясына бұл тармақтың 2019 жылдың 26 ​​қыркүйегінде нормативтік құқықтық актілерге енгізілгенін, сондай-ақ қазіргі өзгерістер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың актілері мен тапсырмаларының жобаларын келісу үшін қажет екенін атап өтті. Әділет министрлігі Нұрсұлтан Назарбаев туралы тармақшаның неге өзгертілмегеніне жауап берді.

«Қазіргі уақытта «Тұңғыш Президент – Елбасы туралы» Конституциялық заңға және «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының Кеңсесі туралы» Жарлыққа сәйкес Елбасы Тұңғыш Президент өкілеттігі сақталды. Елбасы мемлекеттік органдарға, лауазымды тұлғаларға, Қазақстан халқына мемлекеттік құрылыстың, ішкі және сыртқы саясаттың және еліміздің қауіпсіздігінің маңызды мәселелері бойынша бастамалармен жүгінуге құқылы» деп түсіндірді Әділет министрлігі.

18 қаңтарда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған бейне үндеуінде өзінің «зейнеткер екенін және елордада лайықты демалып жатқанын» атап өтіп, Тоқаев толық билікке ие екенін еске салды.

Ақпан айында Тоқаев экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қауіпсіздік Кеңесі мен Қазақстан халқы Ассамблеясына өмір бойы төрағалық етуінен айыратын заңнамалық түзетулерге қол қойды. Бұл түзетулер ел саясатының негізгі бағыттарын тұңғыш президентпен келісу қажеттілігін де жояды. Бұл заңға Назарбаевтың Елбасы, яғни ұлт көшбасшысы мәртебесі 2000 жылы енгізіліп, ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттарын онымен үйлестіру қажеттігі 2010 жылы заңнамалық тұрғыдан бекітілді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.