Қаржы пирамидасын жарнамалаған жұлдыздарға тықыр таянды

0 656

Қаржы пирамидаларын жарнамалайтын әртістер, блогерлер мен вайнерлер қылмыстық жауапқа тартылады. Тиісті заң жобасын мәжіліс депутаттары қарап жатыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Мәжіліс отырысында депутат Юрий Ли Бас прокурор, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Қаржы мониторингі агенттігі мен ішкі істер министріне қаржы пирамидаларына қатысты депутаттық сауал жолдады.

Мәжілісмен биыл 11 сәуірде астанада Mudarabah Capital қаржы пирамидасының салымшыларының бірі өзін-өзі өртеп жібергенін еске салды.

«Біз қаржы пирамидаларына қарсы күресті күшейту туралы талай рет депутаттық сауал жолдадық. Сол сауалдардың бірінде Mudarabah Capital қаржы пирамидасын жарнамалағандарды жауапкершілікке тартуға баса назар аудардық. Жұлдыздар мен блогерлердің осындай пирамидаларды жарналамауға қатысуын өте ұят және қылмыс деп санаймыз. Қазіргі таңда олардың көбісіне қатысты тергеу жүріп жатыр», — деді Юрий Ли.

Оның үстіне, айтуынша, мәжілістің бір топ депутаты қаржы пирамидаларына жарнама жасаған адамдарға қылмыстық жауапкершілік енгізуді көздейтін заң жобасын әзірлеген.

Тиісті процедуралардан кейін, мамыр айында депутаттар заң жобасын қарауға кіріседі.

Осы орайда мәжіліс спикері Ерлан Қошанов заң жобасын тез арада қарауды тапсырды.

«Онда қаржы пирамидаларын жарнамалағаны үшін жауапкершілік енгізілуі керек. Әсіресе, вайнерлерге, әртістерге, блогерлерге, қоғамдық пікір лидерлеріне қатысты. Егер олар қаржы пирамидасының алаяқтық мазмұнын түсіне отырып, оны жарнамаласа, оларды осы үшін жазалау керек. Өйткені халық оларға сенеді, ақшасын салады, кейін бар жиған-тергенінен айырылады. Сондықтан сіз өте өзекті мәселені көтеріп отырсыз. Біз мұндай алаяқтардың әрекеті қандай трагедияға әкеп соғатынын көрдік», — деді Қошанов.

Мәжіліс спикері әріптестерін заң жобасымен әрі қарай жұмыс істеуге шақырды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.