Елордадағы мектеп 20 миллионға лимон қосылған шай алмақ болған
Елордалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мемлекеттік органдарға 5,3 миллиард теңге бюджет қаражатын үнемдеуге көмектесті, деп хабарлайды kaz.orda.kz.
«Бұл үнемдеу мемлекеттік сатып алу кезінде сатып алу бағасын түзету, сонымен қатар жоспарланған тауарларды сатып алуды азайту есебінен қалыптасты. Мониторингтің оң нәтижесін ескере отырып, бұл жұмыс ағымдағы жылы да жалғасын тауып, 1-тоқсандағы жағдай бойынша бюджет қаражаты 481,7 млн теңгеге дейін үнемделді» деді министрліктің баспасөз қызметі.
Антикордың айтуынша, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың мемлекеттік сатып алу жоспарына мониторинг жүргізу 7 конкурс бойынша шекті бағаның асыра бағалауын табуға мүмкіндік берді. Көбінесе бағаны көтеру фактілері мен сатып алынатын тауарлардың көлемі елордадағы білім беру ұйымдарының мемлекеттік сатып алу жоспарларында белгіленген.
Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласындағы 737 оқушы білім алатын мектептердің бірі 20 миллион теңгеден астам сомаға 4 тонна шай, 1,5 тонна итмұрын және 1,3 тонна лимон сатып алуды жоспарлаған.
Нәтижесінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ұсыныстары бойынша сатып алынатын тауарлардың жоспарланған көлемі қайта қаралып, қысқартылды. Үнемдеу 99% құрады.
Тағы бір жағдайда Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасының мектепке дейінгі ұйымы жалпы құны 11,2 млн теңгеге 250 бірлік есік жапқыш сатып алуды жоспарлаған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ұсыныстарын қарау, сонымен қатар сатып алу көлемін қысқарту нәтижесінде 10 млн теңге үнемделген.