Ресей әскері Украинадағы қаланың вокзалына зымыран тастады
Донецк облысы Краматорск қаласының теміржол вокзалына Ресей Қарулы күштерінің екі зымыраны түсіп, салдарынан 30 адам қаза тауып, 100-ден астам адам жараланған. Бұл туралы «Укрзализница» АҚ басқарма төрағасы Александр Камышин мәлімдеді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Haberler сайтына сілтеме жасап.
— «Краматорск вокзалына 2 зымыран түсті. Құрбандар бар. Бұл теміржолдың жолаушылар инфрақұрылымына және Краматорск қаласының тұрғындарына бағытталған соққы», — деді ол.
Ал Донецк ОВА басшысы Павел Кириленконың айтуынша, Ресей Қарулы күштері станцияны Искандер кластерімен соққан.
— «Оқиға орнында жұмыс істеп жатқан полицейлер мен құтқарушылар қаза тапқандар мен жараланғандар бар екенін хабарлады», — деді Кириленко.
Зымыран соққысы жасалған кезде станцияда мыңдаған адам болған. Олардың бәрі қауіпсіз жерлерге эвакуацияланып жатқан Донбасс тұрғындары.
— «Басқыншылар нені қалайтынын жақсы білді: олар дүрбелең жасап, халықтың жүрегіне қорқыныш ұялатып, мүмкіндігінше бейбіт адамдарды кепілге алғысы келеді. Ресей Федерациясы — атқылау мен қылмыскерлер елі. Зұлымдықты тоқтату керек!» – деп баса айтты ол.