Алматы әкімдігі гүл сатып алуға миллиондаған ақша жұмсаған
Алматы әкімдігі 25 млн теңгеге гүл сатып алды. Бұл туралы журналист Мият Кәшібай телеграм арнасында хабарлады.
Мемсатып алу порталындағы ақпаратқа қарағанда, қала әкімінің аппараты 9 ақпан күні Gulder.kz деген компаниямен келісімшарт жасасқан. Келісімшартқа сәйкес, компания жыл соңына дейін әкім аппаратына гүл жеткізіп беріп отыруға міндетті. Осы қызмет үшін әкімдік жеке компанияға 25 млн теңге төлейді.
Тендер техсипаттамасында гүл саны, оның не үшін қажет екені жайлы мәлімет жоқ. Сондықтан көрсетілетін қызмет бекітілген бағаға сай не сай емес екенін анықтау қиын. Бізге белгілісі – әкімдік 25 млн теңгенің 21,3 миллионын 11 наурыз күні жеке компания есепшотына аударып қойды.
Жалпы 25 млн теңгелік мемтапсырыс «тікелей бір көзден сатып алу» тәсілі арқылы өткен. Тапсырыс беруші (Алматы қаласы әкімінің аппараты) ашық конкурс өткізбеген, тікелей Gulder.kz компаниясымен келісімшарт жасасқан.
Әкім аппараты былтыр да дәл осы компаниядан гүл сатып алған. Бірақ ол кезде 22 млн теңге жұмсаған.
Gulder.kz – Алматыда тіркелген компания. 2017 жылы маусымда құрылған. Басшысы әрі жалғыз құрылтайшысы – Хан Андрей Романович деген адам. Компания Алматы әкімдігінен мемтапсырыс алғанға дейін жылына бір-бір жарым млн теңге көлемінде салық төлеп жүрген. Ал былтыр, 22 млн теңгенің тендерін алған жылы қазынаға 2,6 млн теңге құйған. Биыл үш айдың өзінде 4,7 млн теңге салық төлеп тастады. Соған қарағанда, компания табысының еселеп артуына Алматы әкімдіген конкурссыз алған миллиондаған теңгенің тендерлері тілей сеп болып тұрған сыңайлы.